Терроризм туралы жалған хабарлама: ІІМ ескерту жасады

Фото: ҚР ІІМ
ҚР Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік барын еске салады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.
«Жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату фактілері тіркелуде. Мұндай әрекеттер әзіл, қалжың ретінде жасалса да, бұлар қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады», — делінген хабарламада.
ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуацияларға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкелетінін, сондай-ақ шұғыл қызметтердің елеулі күштері мен құралдарын алаңдататынын хабарлайды.
«Бұл қылмысты жасағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Осындай барлық хабарлама міндетті түрде тексеріледі, ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдарды қолдану арқылы анықталады», — делінген хабарламада.
Осы ретте полиция азаматтарға төмендегі кеңестерге құлақ түруге кеңес береді:
• тексерілмеген ақпаратты таратпауға;
• жалған шақырулар мен хабарламалар жасамауға;
• балаларға терроризм актісі туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге; •
• қауіп-қатері бар хабарламалар алған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.


