Cайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болады — Президент

Фото: Aqorda
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы алдында Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Мемлекет басшысы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтетінін, бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады. Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды», — деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатынын жеткізді.
«Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды. Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады», — деді Президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқанда еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсеткенін атап өтті.
«Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан. Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін», — деді ол.
Одан бөлек, Президент сайлау алды науқан кезеңінде халықтың саяси мәдениеті артып, мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастағанын мәлімдеді.
«Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз. Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды. Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады», — деді ол.
Сөз соңында мемлекет басшысы жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына кәміл сенетінін жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстанда 23-ші тамыз күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлауда қазақстандықтар 145 депутатты партиялық тізімдер бойынша сайлайтын болады.


