Алматыдағы физика-математика мектебіндегі ішек инфекциясы: ДСМ себебін атады

Фото: Depositphotos
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының арасында ішек инфекциясының 48 жағдайының тіркелуіне байланысты санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Министрлік тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылуы анықталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ведомство бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілгенін атап өтті. ДСМ мәліметінше, бүгінде науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады.
Инфекция көзін анықтау мақсатында су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар, шайындылар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері тексерілді», — делінген хабарламада.
Министрлік қазіргі таңда зертханалық зерттеулер жалғасып жатқанын атап өтті. Осылайша, тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шектеу шараларын енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін бес қаулы шығарған.
«Интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауда. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланды», — делінген хабарламада.
Одан бөлек, 14 қазандағы жағдай бойынша аурудың 48 жағдайы тіркелгенін, барлық науқастар емдеуге жатқызылып, олардың жағдайы тұрақтанғаны айтылады.
«Реанимациялық көмекті қажет ететін пациенттер жоқ. Тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді», — делінген ведомство хабарламасында.
Осы ретте, Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпкерлерге тамақтануды ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптарды міндетті түрде сақтау қажеттігін еске салады.
«Бұл ретте өнімдерді тексерілген жеткізушілерден сатып алу, азық-түлікті сақтау және тағам дайындау шарттарын сақтау, қажетті рұқсат құжаттарының болуы және қызметкерлердің медициналық қарап-тексеруден уақтылы өтуі маңызды», — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жағдай бақылауда екенін атап өтті. Бүгінгі күні балалардың денсаулығын сақтау, аурудың себептерін анықтау және инфекцияның жаңа жағдайларының алдын алу мақсатында эпидемиологиялық тергеп-тексеру мен қажетті іс-шаралар жалғасып жатыр.


