«Алматыда маньяк жүр»: полиция желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Gov.kz
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматыда маньяк пайда болып, төрт адамды өлтіргені туралы ақпарат тарады. Алматы қаласының Полиция департаменті бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, яғни жалған. Азаматтарды тек ресми дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенуге шақырамыз. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Желіде тараған хабарламада белгісіз біреудің үш адамды өлтіріп, тағы бір адамды пышақтап кеткені айтылған. Оқиға Алматыдағы Бауыржан Момышұлы көшесі мен Абай даңғылының қиылысында болғаны көрсетілген.

Алайда полиция аталған оқиға туралы мәліметті жоққа шығарды. Құқық қорғау органдары тұрғындарды мұндай хабарламаларды таратпас бұрын ақпараттың рас-өтірігін ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.


