NoFake

Алматыда балалардың пышақпен жүрген видеосы: полиция түсініктеме берді

Скриншот: әлеуметтік желі/Коллаж: Nofake.kz

Әлеуметтік желіде Алматы көшелерінің бірінде жасөспірімдердің бір-бірімен пышақ сермесіп жүрген видеосы тарады. Қалалық полиция департаменті мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Желі неге шулады?

Желі қолданушыларының бірі Алматыдағы саябақтардың бірінде жиналатық пышақпен жүрген жасөспірімдердің жүргенін мәлімдеді.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Біз орындықтан тұрып, кофеханаға қарай беттегенімізде, әлгі балалардың бірі біреуіне: «Бетіңді пышақпен тілейін бе?» деп сұрады. Балаларды кімдер таныды? Өтініш, олармен сөйлесіп, тәртіпке шақырсаңыздар», — деп жазған желі қолданушысы.

Полиция не дейді?

Аталған мәселеге қатысты қалалық полиция департаментіне хабарласып көрдік. Ондағылар әлеуметтік желілерде жасөспірімдер тобының қатысуымен түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты тексеру жүргізгенін мәлімдеді.

«Алмалы аудандық Полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері 9 бен 12 жас аралығындағы төрт кәмелетке толмаған баланы анықтады. Олардың барлығы мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тексеру барысында балалардың Алматыдағы әртүрлі жалпы білім беретін мектептерде оқитыны анықталды. Олар өз әрекеттерін ойын ретінде түсіндірген», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ведомство балалардың ата-аналары бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

«Сонымен қатар кәмелетке толмағандар мектепішілік есепке қойылды. Аталған отбасылар уәкілетті қызметтердің бақылауында. Алматы полициясы ата-аналарды балаларының бос уақытын қалай өткізетініне, араласатын ортасына және қоғамдық орындардағы мінез-құлқына жіті назар аударуға шақырады. Бала ойын деп қабылдаған әрекет айналасындағыларға шынайы қауіп төндіріп, азаматтардың алаңдаушылығын тудыруы мүмкін», — делінген полиция хабарламасында.

Бұл ретте, полиция құқықтық мәдениетке, айналадағы адамдарға құрметпен қарауға және өз әрекетінің салдарын түсінуге тәрбиелеу отбасынан басталатынын еске салды.

«Ата-аналар балаларының мінез-құлқына дер кезінде назар аударып, ықтимал қауіп төндіретін заттарды көрсетуге болмайтынын түсіндіріп, өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға баулуы қажет», — делінген хабарламада.

Қалалық полиция департаменті жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.

Оқу үшін