NoFake

Алаяқтар жалған «Еңбек ардагері» медалін таратып жатыр

Коллаж: ЖИ

Алаяқтар қазақстандық зейнеткерлерге жалған «Еңбек ардагері» медалін алып бермекші. Олар кадр бөлімі мамандарының атын жамылып, WhatsApp-қа хат жазады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Алаяқтар елордалық зейнеткердің WhatsApp нөміріне бұрынғы жұмыс орнындағы кадр бөлімінің қызметкері атынан SMS жіберіп, «Еңбек ардагері» медаліне ұсынылатын адамдардың тізімін жасап жатқанын айтқан.

«Маған әлеуметтік қорғау орталығынан Әсет Маратович хабарласып, «Еңбек ардагері» марапатын беру үшін зейнет жасындағы қызметкерлердің тізімін жасап беруді өтінді. Мен сізді де тізімге қосуды жөн көрдім. Ол жерде зейнетақыға 30 000 теңге үстемақы, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер және қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған», — делінген хабарламада.

Cкрин хабарламадан

Қария бірден өзімен құрдас экс-әріптесіне хабарласқан. Оған да дәл осындай хабарлама келіпті.

«Біз бірге кадр бөліміне хабарластық, ондағы мамандар бірден мұның алаяқтар екенін айтты. Хабарлама жазған адам қайта-қайта қоңырау шалды. Бірақ мен бәрін өшіріп, номерін бұғаттап тастадым», — дейді зейнеткер.

Тізім түгендеп жүрген маманнан кейін тағы бірнеше адам хабарласып, қарияның жеке деректерін сұраған. Осыдан-ақ мұның алаяқтық әрі фишингтік айла-амал екенін түсінуге болады. Ал Қазақстанда шын мәнінде «Еңбек ардагері» атағы кімге беріледі және қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл сұрақтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінен ресми жауап алдық.

 «Еңбек ардагері» медалі кімге беріледі

Мемлекеттік органдар WhatsApp арқылы ешқашан тізім жинамайды. Еңбек министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, бұл атаққа ие болудың өз заңды талаптары бар.

«Жасы бойынша зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болып табылатын және бұрынғы КСРО-ның немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған, не бұрынғы КСРО-ның немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдар еңбек ардагерлеріне жатады», — деп жауап берді редакциямызға Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

 Бұл атақ – 40 жылдан астам еңбек өтілі бар, мінсіз қызмет етіп, мемлекеттік немесе ведомстволық марапат алған жандарға берілетін құрмет белгісі.

Зейнетақыға үстемақы қосыла ма

Алаяқтардың зейнеткерлерді арбау үшін қолданған басты қаруы — «30 000 теңге үстемақы». Алайда, министрлік бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

«Еңбек ардагерлеріне зейнетке шыққан кезде жұмыс істеп жүрген кезеңінде бекітілген емханаларды пайдалану құқығы беріледі. Сонымен қатар, аталған адамдар үшін әлеуметтік қолдаудың өзге де шаралары, соның ішінде зейнетақыға үстемақы қарастырылмаған», -деп жауап берді министрлік өкілдері.

Яғни, «Еңбек ардагері» медалі үшін ай сайын зейнетақыға ешқандай ақша қосылмайды. Оларға берілетін негізгі республикалық жеңілдік – бұрынғы жұмыс орны бойынша тіркелген ведомстволық емханасында емделу құқығын сақтап қалу.

Қоғамдық көлікпен тегін жүру үшін медаль керек пе

Алаяқтар «Еңбек ардагері» атағын алсаңыз ғана қоғамдық көлік пен коммуналдық төлем тегін болады деп сендіреді. Ал іс жүзінде бұл жеңілдіктерді алу үшін ешқандай медальдің қажеті жоқ. Астана қаласы әкімдігі зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте жүру тегін екенін хабарлады.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бұл жеңілдіктердің нақты шарттарын мәлімдеді.

 

Елордада зейнет жасына жеткен кез келген азамат автобустарда тегін жүре алады.

«Астана қаласында қоғамдық көлікпен (қалалық, экспресс және қала маңы маршруттары) тегін жүру құқығы азаматтардың жекелеген санаттарына белгіленген. Олардың қатарында: Зейнеткерлер (зейнет жасына жеткендер), ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлері бар. Бұл жеңілдіктерді пайдалану үшін әлеуметтік көлік картасы (арнайы жеңілдік санаты бойынша) болуы тиіс», — деп жауап берді Астана қаласы әкімдігі.

Қандай жағдайда коммуналдық қызметтерге жеңілдік жасалады

Коммуналдық төлемдер де медальға емес, отбасының табысына байланысты. Егер сіздің жалғыз үйіңіз болып, коммуналдық шығындар табысыңыздың 5%-ынан асып кетсе, мемлекет оны өтеп береді.

Иллюстрация: NoFake.kz

Шипажайға жолдама

Әкімдік зейнеткерлерге заңды түрде ұсынатын тағы бір үлкен көмек – шипажайға (санаторий) жолдама беру. Астана қаласы бойынша бұл көмек екі жылда бір рет жеңілдікпен көрсетіледі:

  • Жалпы жасы бойынша зейнеткерлерге: Жолдама құнының 20%-ын ғана төлейді. 80%-ын әкімдік өтейді.
  • Ең төменгі зейнетақы алушыларға: Жолдама құнының 15%-ын ғана төлейді. 85%-ын әкімдік өтейді

Шипажайға жазылу толықтай электрондық форматта, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы birge.astana.kz сайтында жүреді. Кезек әр айдың бірінші жұмыс күні сағат 09:00-де ашылады.

Барлық заңды жеңілдік сіздің жеке өтінішіңіз бойынша ХҚКО  немесе eGov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Оқу үшін