NoFake

49 градус ыстық: Алдағы күндері еліміздің қай өңірлерінде аптап ыстық болады

Коллаж; Nofake.kz

«Қазгидромет» РМК мамандары еліміздегі аптап ыстық пен желіде тараған оңтүстік өңірлердегі +50 градустық ыстыққа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Қазақстанның басым бөлігінде соңғы күндері аптап ыстық тұр. Көпшілік әсіресе, мұндай ыстықты соңғы бірнеше жыл бойы көрмегенін және ыстық қашан бәсеңдейтінін айтып, желіде жарыса пікір қалдырып жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Аптап ыстық еліміздің қай өңірлерінде жалғасады?

«Қазгидромет» РМК Қысқа мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Ардақ Кальменова алдағы күндері еліміздің қай өңірлерінде аптап ыстық жалғасатынын атап өтті.

«Қазгидрометтің болжамынша, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қатты аптап ыстық 19-шы шілдеге дейін жалғасады. Оның ішінде Түркістан және Қызылорда облыстарында қатты ыстық күтіледі. Ауа температурасы аталған өңірлерде +43,+49 градусқа дейін көтеріледі. Ал, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында алдағы күндері +40,+42 градус ыстық күтіледі», — деді маман.

Сонымен бірге, ол Маңғыстау, Орталық және Шығыс Қазақстанда +40,+42 градустық ыстық күтілетінін мәлімдеді.

Оңтүстік өңірлерде +60 градус ыстық болғаны рас па

Әлеуметтік желіде, сондай-ақ, елдің кей өңірлерінде ауа температурасының ысығаны соншалық, адамдардың сыртта, күн көзінде жұмыртқа қуырған видеосы тарады.

Скриншот: әлеуметтік желіден

«Қазгидромет» РМК Қысқа мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Ардақ Кальменова желіде тараған оңтүстік өңірлердегі +60 градустық аптап ыстық туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, оңтүстік аймақтарда мұндай ауа температурасы ресми түрде тіркелмеген.

«Қазгидромет» РМК бақылау жүйесі ұсынған мәліметтерге сәйкес, осы күндері максималды ауа температурасы Түркістан облысындағы «Қызылқұм» метеостанциясында тіркелді. Онда ауа температурасы +43 градусты көрсетті. Алайда 17-19 шілде аралығында, Түркістан және Шымкент қалаларында +49 градусқа дейінгі ыстық күтіледі», — деді ол.

Өрт қаупі қай өңірлерге төніп тұр?

«Қазгидромет» РМК Қысқа мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Ардақ Кальменова алдағы күндері еліміздің қай өңірлеріне өрт қаупі төніп тұрғанын түсіндірді.

«Қазақстан бойынша Орталық және Шығыс Қазақстан өңірлерінде өрт қаупі жоғары болады. Ал, еліміздің батыс және солтүстік аймақтарында дәл қазір ыстықтың беті қайтқаны байқалады. Бұл өңірлерде желдің күшеюі, жауын-шашын мен бұршақ жауады деп болжанып отыр», — деді маман.

Шілденің соңғы 10 күнінде ауа райы қандай болады?

«Шілденің соңғы үшінші 10 күндігінде еліміздің барлық облыстарында ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Және дәл қазіргідей аптап ыстық болмайды деп болжап отырмыз», — деді Ардақ Кальменова.

Қай ресми көздердегі ауа райы болжамына сенуге болады?

«Қазгидромет» РМК маманы сондай-ақ, қандай ресми көздердегі ауа райы болжамына сүйену қажеттігін атап өтті.

«Ұзақ мерзімді болжам үнемі тек кеңес бері мақсатында айтылады. Айға жасалатын болжамдар он күндіктермен нақтыланады. Ауа райына қатысты барлық болжамдар мен өзгерістер Қазгидрометтің ресми сайты мен YouTube, Instagram желісіндегі біздің мекеменің ресми парақшаларында жарияланады», — деді маман.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық министрлігі мамандары аптап ыстық ең алдымен қай санаттағы адамдарға қауіпті екенін әрі күн өткен жағдайда неге сүйену керектігін түсіндірген еді.

Түйін

Әлеуметтік желіде Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы +60 градусқа жеткені туралы ақпарат тарағанымен, «Қазгидромет» бұл мәліметті растаған жоқ. Мекеме дерегінше, тіркелген ең жоғары температура – Түркістан облысындағы «Қызылқұм» метеостанциясында +43 градус. Ал 17–19 шілде аралығында Түркістан облысы мен Шымкентте +49 градусқа дейін ыстық күтіледі. Мамандар ауа райына қатысты ақпаратты тек «Қазгидрометтің» ресми сайтынан және ресми әлеуметтік желідегі парақшаларынан алуға кеңес береді.

Оқу үшін