Адамға күн өткенде не істеу керек және оның негізгі белгілері

Қазақстанда биыл ауа температурасы рекордтық деңгейге жетіп отыр. Мұндай аптапта күн астында ұзақ жүру денсаулыққа қауіп төндіріп, күн өтуіне әкелуі мүмкін. Күн өткенде қандай белгілер байқалады? Nofake.kz мамандардан сұрап білді.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Төлебаева күн өтудің негізгі белгілерін атады.
«Күн өтуінің негізгі белгілеріне — бас айналу, жүрек айну және есінің кіресілі-шығасылы болуы сияқты белгілер жатады. Кей жағдайда тіпті адамдар талып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда барлық сақтық шараларын сақтап, жедел-жәрдем шақырған жөн», — деді маман.
Сондай-ақ, ол жедел жәрдем мамандары келгенше, ыстық өткен адамға қандай шараларды орындау қажет екенін айтты.
«Жедел жәрдем келгенше адамды салқын, көлеңкелі жерге апару керек. Барынша бетінен үрлеп, оған ауа жететіндей жағдай жасау керек. Сосын үстіндегі барлық қалың киімдерді шешкен жөн. Егер адам су іше алатындай жағдайда болса, оған аздап мұздай емес, салқын су беру керек. Егер су іше алмайтындай жағдайда болса, онда суды мәжбүрлеп ішкізіп қажет емес», — деді ол.
Одан бөлек, маман мүмкіндік болған жағдайда күн өткен адамды дымқыл орамал, майлықпен сүртуге болатынын жеткізді. Айтуынша, бұл оның дене температурасын қалыпты жағдайға келуіне септеседі. Айта кетейік, бұған дейін мамандар аптап ыстық ең алдымен қай санаттағы азаматтарға қауіпті болатынын түсіндірген еді.


