NoFake

Еліміздегі аптап ыстық: кімдерге сақтанған дұрыс

Фото: pixabay.com

Елімізде соңғы күндері аптап ыстықтың рекордтық көрсеткіштері тіркеліп жатыр. Осыған орай, ҚР ДСМ мамандары шіліңгір шілденің ыстығында қай санаттағы адамдарға сақ жүру қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Төлебаеваның айтуынша, мұндай аптап ыстықта белгілі бір санатқа жатқызылатын азаматтарға барынша сақ болу қажет.

«Тәуекел зонасына ең алдымен 5 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан азаматтар кіреді. Сондай-ақ, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар да осы санатқа жатқызылады. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек жеткіліксіздігі бар жандар және тыныс алу жолдары ауыратын адамдар бар. Осы санаттағы адамдардың бәріне аптап ыстық пен ауа жоқ, тар нысандарда орналасу — олар кері әсерін тигізеді», — деді маман.

Сонымен бірге маман, аптап ыстық күн астында көп уақыт өткізіп, далада жұмыс істейтін мамандарға қауіпті екенін атап өтті.

«Оларға көлік ішінде көп уақыт өткізетін көлік жүргізушілері, далада көп жұмыс істейтін адамдар да жатады. Негізінен ыстықты тек далада ғана емес, ауасы тар, температурасы жоғары ғимараттардың ішінде де алуға болады. Сондықтан осындай салаларды жұмыс істейтін адамдарға мұндай күндері аса сақ болу қажет», — деді ол.

Айта кетейік, соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы +35, +40 градусқа дейін көтеріліп тұр. Синоптиктер алдағы уақытта ел бойынша жауын-шашын болады деп сендіріп отыр.

Оқу үшін