Меморгандар Астанадағы қасбет құлауы кезінде болған оқиғаға қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарды

Кадрлер ТЖҚ баспасөз қызметінен
Әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат көздерінде тараған «8 қараша күні Астанада зардап шеккен екі фельдшердің жарақаты өндірістік емес деп танылды», оқиға орнына ТЖ қызметі келмеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми хабарламасында айтылған.
«Оқиға кезінде тұрғын үйдің қасбеттік қаптамасы мен кондиционер блогының құлауы салдарынан бес адам зардап шеккен. Олардың екеуі — жедел жәрдем фельдшерлері. Аталған фельдшерлер жарақатты қызметтік міндеттерін орындау барысында алған», — делінген ресми дереккөзде.
Сондай-ақ әкімдік медицина қызметкерлерінің жарақаты өндірістік емес деп танылған деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Фельдшерлердің алған жарақаттары өндірістік жарақат емес деп танылды деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Бұл оқиға өндірістік жарақат ретінде қаралады», — делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Астананың Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына ТЖД қызметінің жоқтығы туралы таралған жалған ақпаратты да жоққа шығарды.
«8 қараша күні «112» қызметінің пультіне жедел жәрдем стансасынан Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында орын алған оқиға туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу қалалық құтқарушылар шықты», — деп хабарлады ТЖД.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар фасадтың қаптамасы мен кондиционер қондырғысының құлағанын және олар 150 шаршы метр аумақты қамтитын дүкеннің кіреберісінде жатқанын анықтады.
«Құтқарушылардың күшімен зардап шеккендер қирандылардың астынан шығарылып, демонтаждық және авариялық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ фасад элементтерінің одан әрі құлау қауіпі жойылды», — деп толықтырды ведомство.


