NoFake

Сенаторлар ЖИ көмегімен дипфейк жасаған алаяқтарға жаза енгізуді талап етті

Фото: Сенат баспасөз қызметі

Сенатта депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттарды талқылады. Талқылау кезінде дипфейктерге қарсы күресті күшейтіп, ЖИ қолданатын алаяқтарға жаза енгізуді талап етті, деп хабарлайды nofake.kz/.

Жасанды интеллект технологияларының таралуымен бірге Қазақстанда жаңа қауіптер де көбейіп келеді. Сенат депутаты Серік Шайдаровтың айтуынша, бүгінде дипфейктер алаяқтардың құралына айналған: қылмыскерлер жалған бейне мен дауысты пайдаланып, адамдардан ақша алдап алады. Ол тіпті сарапшылардың өздері жалған мен шындықты ажырату қиынға соғып отырғанын атап өтті.

«Біз қазірдің өзінде әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерде танымал адамдардың қатысуымен жасалған жалған видеолардың көбейгенін көріп отырмыз. Осыған байланысты сұрағым бар: дипфейктердің таралуын қалай бақылап, алдын алуды жоспарлап отырсыздар?» — деді ол Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдеріне.

Вице-министр Дмитрий Мунның айтуынша, жаңа заң жобасында нейрожелілер арқылы жасалған контентті міндетті түрде белгілеп (маркировка) көрсету қарастырылған. Бұл талап мұндай материалдарды қайтадан алаяқтық мақсатта пайдалануды қиындатуға тиіс. Сондай-ақ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтар мыңдаған қоңырау шалатын «сим-бокстардың» әкелінуін реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Біздің заңда контентті міндетті түрде белгілеу талаптары қарастырылған, бұл оның дипфейк жасау үшін қайта қолданылуына жол бермейді. Осы талаптар мен оны қайта пайдалану тетіктері Әкімшілік, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық кодекстер аясында енгізіледі», — деп түсіндірді Дмитрий Мун.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәселенің тек телефон алаяқтығымен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, дипфейктер ақпараттық манипуляция, танымал тұлғаларды қаралау және тіпті арандатушылық мақсаттарда қолданылып отыр.

«Бұл — алғашқы белгілер ғана. Алдағы уақытта жасанды интеллект дамыған сайын бұл өте күрделі мәселеге айналады. Сондықтан құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жауапкершілік тетіктерін қарастыру керек. Мұндай контентті жасанды интеллект бағдарламалары өздігінен емес, адамдар жасайды. Сол себепті дәл сол адамдарды алаяқтық, бопсалау немесе заңсыз ақша жинау әрекеттері үшін жауапқа тарту қажет. Бұл бағытта шешім қабылдауды кейінге қалдыруға болмайды», — деді Әшімбаев.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қазіргі кезде дипфейктерді анықтау сараптамасы әлі де әлсіз дамығанын айтты. Бар жүйелер жалған материалды автоматты түрде тануға әрдайым қауқарлы емес. Сондықтан Қазақстан заңнамасында жауапкершілікті дипфейктің өзіне емес, оны заңсыз мақсатта пайдалану — алаяқтық, бопсалау, ақша жинау немесе жалған ақпарат тарату сияқты әрекеттер үшін күшейту көзделіп отыр.

Смышляева атап өткендей, Қылмыстық кодекске түзетулер енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, «ақпараттандыру нысаны» ұғымы кеңейтіліп, ақпараттық жүйелермен қатар заманауи жасанды интеллект технологияларын да қамтитын болады. Бұл ЖИ қолданылған қылмыстарды «ауырлататын мән-жайлармен жасалған» деп саралауға мүмкіндік береді.

Оқу үшін