Бурабай жайлы аңыздар мен деректер: туристердің білуі қажет қате пікірлер қандай

Фото: Евгений Емельянов
Бурабайға демалуға келген туристер ұлттық парк аумағында қандай ережелерді сақтауы керек? «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі саяхатшылар арасында кездесетін бес жаңсақ пікірге түсінік беріп, демалыс кезінде әдеттегідей көрінетін кей әрекеттердің табиғатқа қалай зиян келтіретінін түсіндірді.
Кіру ақысын төлеген соң, кез келген аумақта демалуға бола ма?
Дерек: Ұлттық паркке кіру ақысы төленсе де, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын орындаудан босатпайды. Қазақстандағы ұлттық парктердің аумағы төрт функционалдық аймаққа бөлінген: қорықтық режим, экологиялық тұрақтандыру, туристік және рекреациялық қызмет, сондай-ақ шектеулі шаруашылық қызметі. Әр аймақтың өзіндік қорғау және пайдалану режимі қарастырылған. Сол себепті ұлттық парк аумағына кіру мүмкіндігі саяхатшыларға барлық аумаққа рұқсат алғанын білдірмейді.
Бұл аймақтарға бөлініс жабайы жануарлар мекендейтін ортаны, өсімдіктер өсетін аумақтарды және адамның әсеріне ерекше сезімтал табиғи кешендерді сақтауға мүмкіндік береді.
«Ұлттық парк барлық көлдің жағалауын жағажай етіп жабдықтауы тиіс»

Дерек: жағалау аумағының әрбір бөлігі жаппай демалуға бейімделмеген. Көл жағасы – адамның тек күнге қыздырынатын, суға түсіп немесе балық аулайтын жері ғана емес. Жағалау аймағы – су экожүйесінің дербес бөлігі. Бұл жерде жәндіктер мен қосмекенділер мекендейді, құстар ұя салады және су өсімдіктері балық шабақтары мен өзге де су ағзаларына пана әрі қорғаныш болады. Жағалаудағы өсетін өсімдіктердің тамыры жағалауды шайылудан да көмектеседі.
Жағажайларды жабдықтау функционалдық аймақтарға бөлу, рұқсат етілген рекреациялық жүктеме және ұлттық парк инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып, белгілі бір учаскелерде ғана жабдықталады. Сол себепті табиғи жағалаудың бөліктерін сақтап қалу – табиғат қорғау саласындағы маңызды міндеттердің бірі.
Тиіндерге тамақ беру пайдалы ма?

Дерек: туристер жабайы жануарларды тамақтандыру арқылы өзіне зиян келтіруі мүмкін.
Тиіндер де ормандағы басқа тіршілік иелері секілді, белгілі бір қорекке бейімделген. Тұздалған жаңғақтар, тәтті-дәмділер мен адам дастарханындағы өзге де өнімдер олардың табиғи қоректену жүйесіне сәйкес келмейді.
Жануарларды жүйелі түрде тамақтандыру олардың мінез-құлқына да өзгеріс әкеледі. Олар адамдарға, көлік жолдарына және көпшілік демалатын орындарға жиі жақындай бастайды да, соның салдарынан қосымша қатерге тап болады. Туристер жануарларға тамақ беруін ұлттық парк мамандары жүргізетін биотехникалық іс-шаралармен шатастыруға болмайды. Арнайы ұйымдастырылған жағдайда жануарлардың қоректену ерекшеліктері, маусымдық жағдай мен нақты түрлердің қажеттіліктері ескеріледі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару қағидаларына жабайы жануарларды рұқсатсыз қоректендіруге тыйым салады. Жануарларды танып-білудің ең дұрыс жолы – табиғи тіршілігіне кедергі келтірмей, қашықтықтан бақылау.
Ормандағы тамақ қалдықтары ыдырап кете ме?

Дерек: қалдықтардың ыдырау қасиеті олардың табиғи ортаға қауіпсіз екенін білдірмейді.
Тағам қалдықтары жануарларды адамдар демалатын орындарына тартады, қоректену тәртібін өзгертеді әрі адаммен қажетсіз байланысқа түсуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар органикалық қалдықтардың қаншалықты тез ыдырайтыны температураға, ылғалдылыққа және өзге де жағдайларға байланысты. Жылдың суық мезгілінде бұл үдеріс айтарлықтай баяулайды.
Сондықтан жеміс қабықтарын, нан қалдықтарын және басқа да тағам қалдықтарын өзге қоқыспен бірге жинап, алып кету қажет.
Ормандағы құлаған ағаш, қураған бұтақтар күтім жоқтықтың көрсеткіші ме?

Дерек: қураған ағаштар орман экожүйесінің табиғаттың бір бөлігі саналады. Құлаған ағаштар мен ескі түбірлерде жәндіктер пана табады, саңырауқұлақтар мен микроорганизмдер өсіп-өнеді. Сүрек ыдыраған сайын қоректік заттар топыраққа қайта оралады.
Тірі ағзалардың кейбір түрлері үшін дәл осы қураған ағаштартіршілік ортасы болып табылады..
Сонымен қатар орман шаруашылығы мамандары орманның санитариялық жай-күйін, өрт қаупі мен келушілердің қауіпсіздігін бағалайды. Санитарлық шаралар нақты учаскенің жағдайына сәйкес белгіленеді. Ұлттық парк орманы қалалық саябақ сияқты болуға міндетті емес — оның табиғи жағдайының өзіндік экологиялық құндылығы бар.


