NoFake

Әскери бөлімге 421 мың теңгелік ойын тақшасы не үшін керек — ТЖМ түсіндірді

Әскери бөлімге 421 мың теңгелік ойын тақшасы не үшін керек — ТЖМ түсіндірді

Коллаж: MidJourney

Telegram-арналардың бірінде ТЖМ-ге қарасты әскери бөлімнің 421 мың теңгеге ойын компьютеріне арналған аналық тақша (компьютердің негізгі тақшасын) сатып алуы туралы материал жарияланды. Онда баға ұсыныстарын қабылдау GTA VI ойынының шығуына алты күн қалғанда аяқталғаны айтылған. Аталған материалға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі ресми түсіндірме жариялады.

GTA VI ойыны неге аталды?

Polites News дерегінше, ТЖМ-ге қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлім бір аналық тақшаны сатып алуға тапсырыс берген. Лот сомасы қосылған құн салығын есептемегенде 421 288 теңгені құраған. Техникалық сипаттамада үлгі ретінде ASUS компаниясының ойын компьютерлеріне арналған ROG Crosshair X870E Dark Hero моделі көрсетілген.

Басылым баға ұсыныстарын қабылдау 13 қарашада, яғни GTA VI ойынының шығуына алты күн қалғанда аяқталғанына назар аударған. Мақала авторы мұны күндердің сәйкестігі деп атап, әскери бөлімге дәл осындай сипаттамалары бар тақша не үшін қажет деген сұрақ қойған.

ТЖМ қандай түсініктеме берді?

Министрлік сатып алудың GTA VI ойынының шығуына қатысы жоқ екенін хабарлады.

«Жабдық жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін интеллектуалды бейнебақылау жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жоба аясында сатып алынуда. Жүйе ықтимал қауіп-қатерлерді автоматты түрде анықтауға және күзетілетін аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған», – делінген ТЖМ жауабында.

Ведомствоның түсіндіруінше, жүйе бірнеше камерадан келетін бейнені бір мезетте өңдеп, ықтимал қауіпті нақты уақыт режимінде анықтауы керек. Жабдыққа қойылатын техникалық талаптар осы міндетке және нейрондық желі алгоритмдерін іске қосуға байланысты белгіленген. Министрлік ойын компьютерлеріне арналған бөлшектерді кәсіби есептеу жұмыстарына да қолдануға болатынын атап өтті.

ТЖМ мәліметінше, әскери бөлімнің 2026 жылғы бюджетінде компьютер бөлшектерін сатып алуға қаражат бұрыннан қарастырылған. Бұл сатып алуға қосымша қаржы бөлінбеген.

Оқу үшін