Атырау облысында құқық қорғау органдарының атынан жасалған жалған куәліктерді сату схемасы әшкереленді

Фото: ІІМ
Атырау облысында полиция жалған қызметтік куәліктерді жасап, сатты деген күдікпен 39 жастағы тұрғынды анықтады. Оның үйінен табылған 803 жалған куәліктің 606-сы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атынан жасалған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Көліктен табылған куәлік жалған болып шыққан
23 қарашада полиция төрт ер адам мінген Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Көлікті тексергенде тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің куәлігі табылған.
«Тексеру нәтижесінде құжаттың жалған екені анықталды», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
ІІМ мәліметінше, көліктегі ер адамдардың бірі жалған құжатты Атырау облысының 39 жастағы тұрғынынан сатып алған.
Күдіктінің үйінен не табылды?
Полиция тінту кезінде ҰҚК атынан жасалған 606 куәлікпен қатар ІІМ-нің 95, мемлекеттік кірістер органдарының 47, прокуратураның 46 және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 9 жалған куәлігін тәркіледі. Сондай-ақ күдіктінің үйінен ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер және қатқыл диск табылды. Қазір полиция жалған куәліктерді тағы кімдер сатып алғанын және оларды жасауға немесе сатуға басқа адамдардың қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.


