ҰҚК «Қазатомөнеркәсіптің» топ менеджерлері ұсталғанын растады

Фото: kazatomprom.kz
23 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбеков пен тағы бірнеше адамды ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (пара беру күдігі) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҰҚК тергеуге қатысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде «Қазатомөнеркәсіп» басшылығына қатысты жазбалар тараған еді.

Солардың бірінде PetroCouncil.kz Telegram-арнасына сілтеме жасалып, компанияның басқарма төрағасының орынбасарларына қатысты бейресми ақпарат талқыланып жатқаны айтылған. Сол кезде NoFake.kz редакциясы ақпаратты нақтылау үшін «Қазатомөнеркәсіптің» баспасөз қызметіне хабарласқанымен, жауап ала алмаған.
Контекст
11 қарашада, ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті сыбайлас жемқорлық күдігімен ұстаған еді.
Кейін Жоғары аудиторлық палата 2025 жылдың бірінші жартысында «Самұрық-Қазына» тобына жүргізілген аудит 18 ұйымды, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіпті» де қамтығанын хабарлады. Аудиторлар топ бойынша 351,8 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтаған. Жекелеген деректер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
24 қарашада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарған Ерсайын Нағаспаев тағайындалды.


