NoFake

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «ҚТЖ» мен «Самұрық Қазына» басшыларының ұсталғанын растады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «ҚТЖ» мен «Самұрық Қазына» басшыларының ұсталғанын растады

Скрин видео

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев ұсталғанын растады, деп хабарлайды NoFake.kz.

ҰҚК мәліметінше, 11 қарашада комитеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі аталған екі басшыны және өзге де тұлғаларды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстаған.

«Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан сегіз чемодан мен долларға ұқсас банкноттар табылғаны хабарланды.

Видеода тротуарда шашылып жатқан ақша мен чемодандар көрінеді. Ішкі істер министрлігі оқиға орнында ұстау шараларын ҰҚК қызметкерлері жүргізгенін хабарлаған. Алайда табылған ақшаның ұлттық компания басшыларына қатысты қылмыстық іске қатысы бар-жоғы ресми түрде расталған жоқ.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді. Ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасатынын атап өтті.

Оқу үшін