Әлеуметтік жәрдемақылар жойылады деген ақпарат — жалған

Коллаж: NoFake.kz
Желіде Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылардың күші жойылады немесе мөлшері қысқарады деген ақпарат тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлады, деп жазады NoFake.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2027 жылдан бастап республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 12-сін тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайын ескеру көзделген. Ведомство хабарламада бұл 12 жәрдемақының тізімін келтірмеген.
«Бұл ретте отбасының материалдық жағдайына қарамастан, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақылар сақталады», – делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер де отбасының материалдық жағдайына қарамастан толық көлемде төленеді. Олардың қатарында жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдер бар.


