NoFake

Жаңа Азаматтық кодекстің 80%-ы өзгеріссіз қала ма: сарапшы түсіндірді

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексі қалай әзірленетіні және қолданыстағы заңнан қаншалықты ерекшеленетіні талқыланып жатыр. Жаңа кодекс бұрынғы нормаларды қайталай ма, әлде түбегейлі өзгере ме? Бұл сұрақтарға Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова жауап берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Желі қолданушылары жаңа Азаматтық кодекстің қалай әзірленетініне және қолданыстағы заңнан қандай айырмашылығы болатынына қатысты сауалдар қойып жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Жаңа Азаматтық кодекс бір жылда дайындалу керек. Ол негізгі заңдардың бірі — ол кез келген келісімшарттың негізі, кез келген мәміле мен бизнестің негізін құрайды. Президент Құрылтайға 2027 жылдың соңына дейін заңды қабылдау туралы тапсырма берді. Заңды 0-ден бастап қайта жазып шыға ма, әлде қазіргі заңға өзгерістер енгізе ме? Соны түсінбей отырмын», — деп жазған желі қолданушыларының бірі.

Жаңа Азаматтық кодекс қолданыстағы кодексті қайталауы мүмкін бе?

Желіде қолданыстағы Азаматтық кодекске елеулі өзгерістер енгізілмей, тек жекелеген нормалармен толықтырылуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желі

Бұл мәселеге қатысты NoFake.kz тілшісіне пікір білдірген Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова қолданыстағы Азаматтық кодекстің 1994 жылы қабылданғанын және содан бері оған бірнеше рет өзгеріс енгізілгенін айтты.

«Кодекс түрлі өзгерістерге ұшырап, оның жаңа редакциясы қабылданды. Әрине ол трансформацияланды, оған түрлі өзгерістер енгізіледі. Десе де, Жолдауда жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігі туралы айтылды. Кодекс 80%-ға қазіргі күйінде қалады деп айту әлі ерте», — деді ол.

Сарапшының пікірінше, Азаматтық заңнаманың негізгі институттары өзгеріссіз қалуы мүмкін.

«Мәселен, азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері, нысанасы, мүліктік мүдде, мүліктік емес қатынас – мұның барлығы да қалуы тиіс. Алайда қолданыстағы Азаматтық кодекс институттары заңнамасын трансформациялау қажеттілігі болған және қазір де бар. Қазір экономиканы дамытудың белгілі бір бағыттарының болуы, инфрақұрылымдық даму, цифрландыру сынды бағыттарда елімізде өзгерістер болып жатқан жағдайда, азаматтық заңнаманың жекелеген институттарын қайта қарау қажеттілігін туындатып отыр», — деді ол.

Азаматтық Кодекске қандай жаңа бөлімдер енгізілуі мүмкін?

Маманның айтуынша, қазіргі таңда бірінші кезекте — цифрлық нысандардың мәртебесін анықтау міндеті тұр. Сондықтан жаңа Азаматтық кодексте осы салаларға байланысты жаңа бөлімдер енгізілуі әбден мүмкін.

«Цирфлық кодекс пен «Жасанды интеллект» туралы заңды қабылдағаннан кейін, жалпы ауқымды цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатқандықтан, елімізде дәл осы азаматтық-құқықтық заңнамада цирфлық нысандардың не екенін көрсетілуі керек. Цифрлық контентке авторлық құқық қалай беріледі, зияткерлік меншік құқығы, жаңа мәміле шарттарының пайда болуына байланысты шарттық міндеттемелер, азаматтық-құқықтық келісімшарт түрлері – міне осының барлығы жаңа Азаматтық кодексте көрініс табуы керек», — деді ол.

Институт директоры Азаматтық кодекс – экономика дамуының негізі болып саналатынын атап өтті.

«Азаматтық Кодекске байланысты түрлі транформацияны қажет ететін, өзгерістерді талап ететін қаншама заңнама бар. Бұл өте ауқымды жұмыс», — деді ол.

Түйін

Жаңа Азаматтық кодекстің қолданыстағы кодекстен қаншалықты ерекшеленетіні әзірге белгісіз. Сала сарапшыларының сөзінше, азаматтық-құқықтық қатынастардың негізгі институттары сақталуы мүмкін, алайда цифрландыру, зияткерлік меншік және жаңа мәмілелерге қатысты нормаларды қайта қарау қажет. Сондықтан жаңа кодекс қолданыстағы заңды толық қайталайды немесе оның 80%-ы өзгеріссіз қалады деп кесіп айтуға болмайды.

Оқу үшін