Жалған уәдемен ақша жинаған: Алматыда 275 адам қаржы пирамидасынан зардап шекті

Фото: Depositphotos
Алматыда тұрғын үй мен көлік сатып алуға көмектесеміз деген уәдемен азаматтардан ақша жинаған «R.O.I.» тұтыну кооперативіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қаржы пирамидасының әрекетінен 275 адам зардап шегіп, жалпы шығын 217 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, кооператив азаматтарды жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысуға шақырған. Ол үшін тұрғындармен үлестік жарна жинақтау туралы шарттар жасалып, ақша қабылданған.
Алайда тергеу деректеріне сәйкес, жиналған қаражат нақты кәсіпкерлік қызметке жұмсалмаған. Жаңа қатысушылар салған ақша кооперативке бұрын қосылған азаматтарға төлем жасау үшін пайдаланылған. Бұл – қаржы пирамидаларына тән негізгі белгілердің бірі.
«Қазіргі уақытта 275 азамат жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген жалпы шығын 217 млн теңгені құрайды», – делінген агенттік хабарламасында.
Тергеу барысында кооператив ұйымдастырушылары кеңес беру қызметіне ақы төлеу деген желеумен 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың есепшоттарына аударғаны анықталған. Олардың қатарында «Кәусар» жеке кәсіпкерлігі де бар. Бұдан бөлек, 2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek» атты тағы алты тұтыну кооперативі құрылған.
Агенттік мәліметінше, бұл ұйымдар «R.O.I.» басшысының бақылауында болған. Олар сот орындаушылары бұғаттаған негізгі кооперативтің банк шоттарын айналып өтіп, азаматтардан түскен қаражатты басқа есепшоттарға бағыттау үшін пайдаланылған.
«Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды», – деп хабарлады ведомство.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам екі айға қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.


