NoFake

Tesla көлігінің Сан-Францискодағы көпірден ұшып кеткені рас па

Коллаж: NoFake.kz

Әлеуметтік желіде Tesla Roadster көлігінің Сан-Францискодағы әйгілі Golden Gate көпірінен секіріп, қайта жолға қонған дипфейк видеосы тарады. Кадрларда көлік биіктен құлаған соң әуеге көтеріліп, көпір үстіне оралады.

Lead Stories фактчекинг басылымы видеоны тексеріп, оның жасанды интеллект көмегімен жасалғанын анықтады.

Видео 21 қазанда X әлеуметтік желісіндегі @HodlMiro аккаунтында жарияланған. Жазба авторы Tesla Roadster көлігінің 67 метр биіктіктегі көпірден секіріп, суға құлауға шақ қалғанда арнайы қозғалтқыштарының көмегімен қайта көтерілгенін мәлімдеген.

Фото: @HodlMiroon на X

«Tesla Roadster Golden Gate көпірінен секіріп, қайта ұшып шықты. Жүргізуші көліктен жарыс костюмімен түсіп, қолын жоғары көтерді», – делінген жазбада.

Видео қалай тексерілді?

Lead Stories мамандары кадрларды жасанды интеллект арқылы жасалған контентті анықтайтын Hive Moderation сервисімен тексерген. Сараптама видеоны ЖИ көмегімен жасау ықтималдығын 99,9 пайыз деп бағалады. Дыбыстың да жасанды екені анықталған.

Скрин leadstories.com

Сонымен қатар фактчекерлер Google News пен Yahoo News платформаларынан оқиға туралы ақпарат іздеген. Алайда мұндай ерекше трюкке қатысты сенімді ақпарат құралдарынан ешқандай хабар табылмаған. Оның үстіне көлік көп жүретін Golden Gate көпірінде мұндай әрекетті орындау үшін жол қозғалысын уақытша тоқтату қажет болар еді. Дегенмен жалған видеоның таралуына Tesla компаниясының жақында өткен таныстырылымы әсер етуі мүмкін.

15 қазанда АҚШ-тың Техас штатындағы Макгрегор қаласында Tesla Roadster көлігінің жаңа буыны таныстырылған. Көрсетілімде автомобиль ерекше мүмкіндіктерін паш етіп, тік еңіске көтерілген, төңкеріліп қозғалған және әуеде қалықтаған.

Алайда бұл сынақ Сан-Францискода емес, Техаста өткен.

Көріп отырғанымыздай, Tesla Roadster көлігінің Golden Gate көпірінен секіріп, қайта қонғаны туралы видео – фейк. Кадрлар жасанды интеллект көмегімен жасалған.

Оқу үшін