«Киберқауіпсіздікті дұрыс түсіндіре алмай отырмыз»: Аустралиялық профессормен эксклюзив сұхбат

Коллаж: Nofake.kz
«Алаяққа алданған азаматтарды кінәлай беруді тоқтату керек». Редакциямызға эксклюзивті сұхбат берген аустралиялық киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшының пікірінше, «құпиясөзді ешкімге айтпаңыз» деген сияқты жаттанды кеңестен нәтиже жоқ. Өйткені олар шынайы өмірден тым алшақ. Ендеше, халықты киберқауіптен қорғаудың нақты механизмі қандай? Мұны Монаш университетінің профессоры, CREST халықаралық ұйымының Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша директоры Найджел Фэйрдің сұхбатынан оқыңыздар.
— Профессор Найджел, алдымен фишингтік сайттың не екеніне тоқтала кетсек?
Фишингтік сайт — сыртқы көрінісі мен жұмыс істеу тәсілі түпнұсқа сайтқа барынша ұқсас етіп жасалған жалған сайт. Негізінен, бұл — түпнұсқа сайттың көшірмесі. Мысалы, мемлекеттік қызметтер порталының, банктің немесе басқа қаржы ұйымының сайты болуы мүмкін.
— Мұндай алаяқтық сайттарды анықтау және жедел бұғаттау кімнің жауапкершілігінде болуы керек? Бұл үдеріс қалай жұмыс істеуі қажет?
Менің ойымша, бұл жерде бірнеше тарап жауапкершілік алуы керек. Нақты міндеттер әр елдің басқару жүйесіне байланысты. Көптеген мемлекетте телекоммуникация саласын реттейтін органдар мен басқа да мемлекеттік құрылымдар бар. Ең алдымен, құқық қорғау органдары киберқауіптерді бақылап, талдауы керек. Бұл не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алаяқтардың салдарынан сайттары жиі қолдан жасалатын ұйымдар да жауапкершілік алуы тиіс. Әдетте оларға банктер мен басқа қаржы мекемелері жатады. Олар да қауіптерді өз бетінше бақылап отыруы керек. Әрине, жалпы мемлекет те өз рөлін атқаруы тиіс. Бұл ретте байланыс саласын реттейтін органдар мен ұлттық қауіпсіздікке жауапты құрылымдар киберқауіптерді анықтап, талдауға қатысуы керек. Осы үш тарап бірлесіп жұмыс істесе, фишингтік сайттарды олар зиян келтіріп үлгермей тұрып анықтау мүмкіндігі әлдеқайда артады.
— Қарапайым адамдар сайттың жалған екенін қалай түсіне алады?
Өте орынды сұрақ. Себебі, мұндай сайттарды тану барған сайын қиындап барады. Кибералаяқтықпен мемлекет пен тұтас экономика деңгейінде күресу туралы айтқан кезде де әр адамның жеке жауапкершілігін ұмытпауымыз керек. Адамдар жалған сайттарға банк карталарының деректерін, логиндерін және басқа да жеке ақпаратын тым жиі енгізеді. Иә, алаяқтар барған сайын айлакер болып барады. Соған қарамастан, адамдар киберқауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Ең маңыздысы — қандай да бір әрекет жасамас бұрын тоқтап, ойланып алу. Әсіресе сізге қысым көрсетіліп, күмәнді көрінетін әрекетті тез арада орындау талап етілсе, асықпаған жөн. Бірақ адамдар да өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек. Мысалы, таңертең үйден шыққанда есікті құлыптап, терезелердің жабық екенін тексересіз. Интернетте де күнделікті өмірдегідей сақ болу қажет.
— Мұндай сұрақ қоюымыздың себебі — біз алаяқтық факт болса, алаяқтарды емес, адамдарды жиі кінәлап жатамыз. Мысалы, «Неге сол сілтемені аштыңыз?» дейміз. Бұл туралы не айтасыз?
Мені кей елдердің алаяқтардан зардап шеккен адамдарға банк арқылы ақшасын қайтаруды көздейтін заңдардың қабылданып жатқаны алаңдатады. Мұндай жүйе Ұлыбританияда қазірдің өзінде жұмыс істейді, Австралия да осы бағыттағы жұмысты қолға алып жатыр. Мұндай өтемақы төлеу адамдардың сақтығын азайтып жібермей ме деген сұраққа жауап беру үшін ауқымды әрі ұзақ мерзімді зерттеулер қажет деп ойлаймын. Жалпы, адамдардың алаяқтарға жиі алдануының себебі – оларға киберқауіпсіздік ережелерін түсіндіре алмауымызда деп санаймын. Себебі біз беретін кеңестердің кейбірі шынайы өмірге сәйкес келмейді. Мысалы, біз: «Құпиясөзді ешкімге айтпаңыз», «Түрлі аккаунтқа бір құпиясөзді қолданбаңыз» дейміз. Бірақ адамдар бәрібір бірдей құпиясөз пайдаланады. Құпиясөзсіз жүйелерге көшпейінше, олар мұны жалғастыра береді деп ойлаймын. Менің ойымша, кейбір ұсынымдарымыз шынайы өмірден алшақ. Олар көп қайталанатын, жаттанды сөздерге айналып, адамдардың назарынан тыс қалып жатады.
— Егер ірі кибершабуыл салдарынан мемлекеттік онлайн-сервистер істен шықса, ведомство осындай жағдайдан кейін нені қолға алуы керек?
Мұндай жағдайға арналған бірнеше қосалқы жоспар болуы керек. Олардың барлығы жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жалпы жоспардың құрамына енуі қажет. Ең бастысы, сол жоспарларды үнемі тексеріп отыру керек. Киберқауіпсіздіктің негізгі қағидаларының бірі — резервтік көшірмелер жасау. Олардың бірнеше түрі бар: «ыстық», «жылы» және «суық» резервтік көшірмелер. Мемлекеттің ресурстары жеткілікті болғандықтан, жүйені қалпына келтірудің бірнеше балама тәсілі болуы керек. Олардың әрқайсысын тұрақты түрде сынақтан өткізіп отыру керек. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, бүкіл жүйені қалпына келтірудің сенімді жолы болуы тиіс. Ол үшін резервтік көшірмелерді, қосалқы бағдарламалық қамтамасыз етуді, сайттардың балама мекенжайларын немесе басқа да құралдарды пайдалануға болады. Әсіресе, кез келген мемлекеттік орган алдын ала дайындалуы қажет. Резервтік көшірмелерден жүйені қалпына келтіру үдерісін іс жүзінде тексеріп отыру керек. Әйтпесе адамдар мемлекеттік онлайн-қызметтерді пайдалана алмай қалуы мүмкін. Меніңше, бұл — дұрыс шешім емес.
— Әңгімеңізге рахмет!


