NoFake

NoFake.kz Astana Media Week-те: Фейк пен манипуляцияға неге сенеміз

Фото: NoFake.kz

Астанада шетелдік, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің қатысуымен Astana Media Week 2026 форумы өтіп жатыр. Іс-шара аясында NoFake.kz редакторы, журналист Жәудір Оразхан «Ояну: ақпаратты қабылдау, саралаудың тың тәсілі және критикалық интеллект» атты шеберлік сабағын өткізді.

100-ден аса келуші қатысқан шеберлік сабағы теориямен шектелмей, практикалық тапсырмалармен жалғасты.

Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен фейк жаңалық жазды

Шеберлік сабағының практикалық бөлімінде қатысушыларға жасанды интеллектіні пайдаланып, жалған жаңалық құрастыру ұсынылды. Мәселен, ІІМ баспасөз қызметінің өкілі бұдан былай барлық адамның телефоны тексерілетіні туралы ойдан шығарылған жаңалық дайындады. Тағы бір қатысушы қоғамдық көлікке қатысты жалған хабарлама құрастырды. Онда жолаушылар автобусты сағаттап күтуге мәжбүр болатыны айтылды.

Фото: NoFake.kz

Осылайша практикалық тапсырма барысында қатысушылар жалған ақпаратты құрастыруда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, фейк жаңалықты жазу мен оны шынайы ақпаратқа ұқсатып ұсыну қаншалықты оңай екеніне көз жеткізді.Бұл жаттығу ақпаратты тексерудің неліктен маңызды екенін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Адамдар жалған ақпаратқа неге сенеді?

Шеберлік сабағында Жәудір Оразхан NoFake.kz редакциясының шетелдік ғалымдармен жүргізген эксклюзив сұхбаттарынан үзінділер ұсынды. Атап айтқанда, Кембридж университетінің зерттеушісі Джон Рузенбек пен Пенсильвания университетінің құрметті профессоры, психолог Джонатан Бэронның жалған ақпараттың адам санасына әсері және сыни ойлаудың маңызы туралы пікірлеріне тоқталды.

Қатысушылар да талқылауға белсенді араласып, жаңалықтарды қайдан оқитынын, қандай ақпарат көздеріне сенетінін және күмәнді мәліметтерді қалай тексеретінін ортаға салды.

Фото: NoFake.kz

«Шеберлік сабағының негізгі ойы – ақпаратты қабылдағанда асығыс қорытынды жасамау. Жалған жаңалық көбіне адамның эмоциясына әсер етуге, бұрыннан қалыптасқан сенімдерін қозғауға немесе мәселені тек екі қарама-қарсы нұсқа арқылы көрсетуге тырысады. Егер ақпарат сізде тым қатты эмоционалды реакция тудырса, тоқтаңыз және өзіңізге: “Бұл ақпаратты кім, не үшін жасады?” деген сұрақ қойыңыз», — деді журналист.

Фото: NoFake.kz

Маманның айтуынша бұл сұрақтар ақпаратты тұтыну әдеттеріне назар аударуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желіден немесе таныстардан алынған мәліметтің кең таралуы оның сенімді екенін білдірмейді. Сондықтан ақпараттың бастапқы дереккөзін табу, жарияланған мәліметті басқа тәуелсіз ресурстармен салыстыру және материалдың қандай мақсатпен ұсынылғанын бағалау маңызды.

Оқу үшін