Желіде Эр-Рияд әуежайына жасалған шабуыл туралы жалған видеолар тарады

Скриншот: dw.com/en/fact-check, коллаж: Nofake.kz
Әлеуметтік желілерде Сауд Арабия астанасы Эр-Рияд қаласындағы Халид патша атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдар туралы жалған видеолар тарады, деп хабарлайды Nofake.kz.
DW Fact Check порталының тексеруі олардың бірнешеуі ЖИ көмегімен жасалғанын көрсетті.
Журналистер тексерген төрт видеодан күмәнді белгілер анықталған. Атап айтқанда, кейбір роликтер шабуылдан бірнеше ай бұрын жарияланған.

Басқа видеоларда адамдардың қоршаулардың арасынан өтуі, заттардың пішінінің өзгеруі және жарылыс кезіндегі көлеңкелердің сәйкес келмеуі сияқты визуалды қателер байқалған.
Сондай-ақ, видеолардың бірінен Google-дың SynthID технологиясына тән белгілер табылған. Бұл оның ЖИ құралдарының көмегімен жасалғанын көрсетеді.

DW мәліметінше, әлеуметтік желілерде шынайы шабуыл кадрлары да тараған. Алайда шабуыл туралы ақпараттың рас болуы сол оқиғаға қатысты барлық видеоны шынайы деп қабылдауға негіз болмайды.
Сонымен, Эр-Рияд әуежайына жасалған шабуыл туралы бірнеше танымал видеоның жалған екені анықталды. Олардың кейбірі шабуылға дейін жарияланған, ал енді бірінен ЖИ көмегімен жасалғанын көрсететін белгілер табылған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі видеоларды бөліспес бұрын олардың бастапқы дереккөзі мен жарияланған уақытын тексерген жөн.


