NoFake

Telegram арқылы есірткі саудасын үйлестірген күдікті Ресейден экстрадицияланды

Скрин видеодан

Қазақстанның Бас прокуратурасы Telegram мессенджері арқылы есірткі өндіру мен таратуды үйлестірген ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісін Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды NoFake.kz.

«2021 жылдан бастап ол ақшалай қаражатқа мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартып отырған. Қатысушылар психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату бойынша әртүрлі міндеттерді атқарған, ал олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Тергеу мәліметінше, күдікті Алматы мен еліміздің басқа өңірлерінде мефедрон өндіру және тарату үшін ұйымдасқан қылмыстық топ құрған.

2024 жылы оның нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Солардың бірінде психотроптық заттарды өндіру кезінде екі адам химиялық заттардан ауыр уланып, көз жұмған. Алайда қылмыстық әрекет тоқтамаған.

2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныш құралдары мен дайын өнім табылған.

Күдікті 2025 жылғы шілдеде Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалған. Тағылған айыптар сотта дәлелденсе, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқу үшін