NoFake

«Yandex Qazaqstan» сервисіндегі ақау: компания мәлімдеме жасады

Фото: pixabay.com

Желіде Қазақстандағы «Yandex» қосымшасында ақаулар пайда болғаны, «салдарынан оған тіркелген азаматтардың жеке деректерінің таралуы мүмкін бе» деген сауал жиі талқыланып жатыр. Nofake.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Желі неге шулады?

Әлеуметтік желіде «Yandex Qazaqstan» қосымшасындағы ақауларға байланысты, көпшілік оған тіркелген азаматтардың жеке деректерінің таралуына алаңдаған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Олардың кейбірі азаматтардың дербес деректері Қазақстанда сақталған десе, енді бірі расымен таралуы мүмкін екенін айтқан.

Министрлік мәлімдемесі

Аталған мәселеге қатысты ҚР Жасанды интеллект және цирфлық даму министрлік мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

«Десе де, бұл платформаның барлық бөлігі өз алдына дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтеріне қажетті жекелеген компоненттер Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан. Пайдаланушылар үшін сервистердің үзіліссіз жұмыс істеуі бірінші кезекте маңызды. Сондықтан деректерді Қазақстан аумағында орналастыру және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету — кешенді шешуді талап ететін екі бөлек міндет», — делінген хабарламада.

Министрлік, сондай-ақ, қазіргі таңда «Yandex Qazaqstan» сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатқанын, министрлік қажетті қолдау көрсету мәселелері бойынша компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Сонымен бірге такси және жеткізу қызметтерін ұсынатын басқа платформалардың жүктеме артқан жағдайда да тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.

Қазіргі жағдай қандай: компания мәлімдемесі

Аталған жайтқа байланысты компанияның өзіне хабарласып көрдік. Ондағылар Yandex Qazaqstan сервистерінің жұмысы біртіндеп қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті.

«Олардың көпшілігі қазір қалыпты режимде жұмыс істейді. Дегенмен, кейбір функциялар мен сервистерде әлі де қателер болуы мүмкін. Біздің командалар сервистердің жұмысын толық қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда пайдаланушылар, жүргізушілер, курьерлер мен серіктестер үшін төлемдердің тұрақты жүргізілуі және қолдау қызметі құралдарының жұмыс істеуі басты басымдық болып отыр», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, компания бүгін серіктес таксопарктерге тиесілі барлық төлем әдеттегі тәртіппен автоматты түрде жүргізілгенін мәлімдеді.

«Жүргізушілерге жедел төлем жасау мүмкіндігі қолжетімді. Дегенмен, жекелеген төлемдерде қателер немесе кідірістер болуы мүмкін. Оларды жоюға басымдық беріп отырмыз. Сондай-ақ тапсырыстарды төлеу кезінде қателерге тап болған пайдаланушылардан өтініштер түсіп жатқанын көріп отырмыз. Қаражат қате есептен шығарылған барлық жағдай міндетті түрде қаралады», — делінген компания мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, компания қолдау қызметіне түсетін өтініштердің көбеюіне байланысты мұндай мәселелерді шешу әдеттегіден көбірек уақыт алуы мүмкін екенін ескертті.

Түйін

Осылайша, министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдеді. Алайда платформаның кейбір компоненттері шетелде орналасқандықтан, деректерді Қазақстанда сақтау сервистердің үздіксіз жұмыс істеуіне толық кепілдік бермейді. Қазіргі уақытта компания сервистердің жұмысын қалпына келтіріп, төлемдерге қатысты мәселелерді шешіп жатыр. Ал дербес деректердің таралғаны туралы ақпаратқа қатысты министрлік растамады.

Оқу үшін