NoFake

Ақтаудағы әскери қызметшілердің қазасы: Не белгілі

Фото: Gov.kz

Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің, сондай-ақ прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

«Оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды», — делінген ресми хабарламада.

Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткенін хабарлаған. Соңғы ресми мәлімет бойынша, олардың тоғызы қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Үкіметтік комиссия құрылды

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру үшін үкіметтік комиссия құрылды. Тиісті өкімге Премьер-министр қол қойды.

Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы кірді. Сондай-ақ комиссия жұмысына Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері қатысады.

Үкіметтік комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етеді.

«Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды», — делінген Үкімет хабарламасында.

Әзербайжан Каспий теңізінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты көңіл айтты.

«Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына және Үкіметіне шын жүректен көңіл айтамыз. Алла марқұмдардың жатқан жерін жайлы етіп, отбасыларына осы қиын кезеңде күш-қуат пен сабыр берсін. Әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында жүрген азаматтардың аман-есен табылуына үміттенеміз және зардап шеккен әскери қызметшілердің тезірек сауығып кетуін тілейміз», — делінген Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде.

Материал толықтырылып жатыр.

Оқу үшін