NoFake

Тоқаев киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект мәселесін көтерді

Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының алғашқы кеңесін өткізіп, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне баса назар аударды.

Ақорда хабарламасында Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жаңа мәртебесін мемлекеттік институттарды реформалау үдерісімен сабақтастыра қарастыру қажет екенін атап өткені жазылған.

«Әлемдік ахуал құбылып тұрған кезеңде Қауіпсіздік Кеңесі аса маңызды мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты сараланған шешімдер қабылдайтын орталыққа айналуға тиіс», — делінген хабарламада.

Жиында қазіргі сын-қатерлердің сипаты едәуір өзгергеніне назар аударылды. Осыған байланысты киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де талқыланды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатерлердің сипаты едәуір өзгергеніне назар аударды. Осы орайда киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жасанды интеллектіні қолдануға баса мән берілді», — делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы алдағы уақытта ақпараттық және технологиялық қауіпсіздікпен қатар, азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелерінің өзектілігі арта түсетінін атап өтті.

Оқу үшін