Оқушылар мектеп ішінде велосипедпен жүр — видео Түркістанда түсірілмеген

Скриншот
Әлеуметтік желіде жасөспірімдер мектеп ішінде велосипед, самокатпен жүрген видео тарады. Жұрт оны Түркістан облысында түсірілген деп жазып жатыр. Алайда Оқу-ағарту министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz
Әлеуметтік желілерде мектепте болған оқиға ретінде тараған бейнежазбада оның Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарының бірінде түсірілгені айтылған. Бейнекадрда екі жасөспірім мектеп коридорында самокат теуіп жүр. Олардың бұл әрекеті желі қолданушыларының ашуын туғызды. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты тексеріп, видеодағы оқиғаның Қазақстандағы мектептерге қатысы жоқ екенін хабарлады.
«Жүргізілген тексеру нәтижесінде бейнематериалдың Түркістан облысының білім беру ұйымдарына қатысы жоқ екені және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде түсірілгені анықталды», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Министрлік әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және тек ресми дереккөзге сенуге шақырды.


