NoFake

Нейрожеліге қандай деректерді беруге болмайды — Киберқауіпсіздік маманы жауап берді

Фото: Depositphotos

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде дайын промпттар арқылы ЖИ-аватарлар мен фотосессиялар жасау жаппай трендке айналды. Адамдар өз суреттерін ChatGPT сияқты нейрожелілерге ойланбастан жүктейді. Осындай күнделікті әдеттер биометрика мен жеке деректердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін бе?

NoFake.kz Астанада өтіп жатқан Cyber Steppe-2026 конференциясы барысында бұл сауалды TLAB Technologies компаниясының бас директоры Константин Кимге қойды. Киберқауіпсіздік маманының сөзінше, бүгінде көпшілік нейрожелілерді кез келген ақпаратты енгізіп, дайын жауап алуға болатын әмбебап құрал ретінде қабылдайды. Алайда пайдаланушы чатқа енгізген немесе жүктеген ақпараттың қауіпсіздігіне мән беруі керек.

«Бүгінде пайдаланушылар мұны қандай да бір сиқырлы дүние деп ойлайды: оған кез келген нәрсені жүктей салсаң, әмбебап жауап береді. Бірақ ChatGPT немесе кез келген басқа нейрожеліге берген әрбір ақпараттың ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан тәуекелі бар», – деді Константин Ким.     

Оның сөзінше, жеке деректерге адамның аты-жөні ғана емес, отбасы туралы ақпарат, жұмыс орны, мекенжайы, медициналық мәліметтері және басқа да адамды анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат жатады.

Сондай-ақ сарапшы нейрожеліге құжаттар мен фотосуреттерді жүктеу кезінде сақ болуға кеңес берді. Әсіресе жеке куәлік, қаржылық құжаттар, медициналық анықтамалар немесе басқа адамдардың жеке мәліметтері бар файлдарды жібермеу маңызды.

Кимнің айтуынша, адамның фотосы да цифрлық профиль қалыптастыруға мүмкіндік беретін деректердің бірі. Жеке ақпарат әртүрлі сервистерде шашыраңқы түрде жиналған кезде алаяқтар оны кейін әлеуметтік инженерия немесе басқа да кибершабуылдар кезінде пайдалануы мүмкін.

«Сіз өзіңіз туралы неғұрлым көп ақпарат берсеңіз, соғұрлым цифрлық профиль қалыптасады. Сондықтан нейрожеліге ақпарат жүктемес бұрын оның ішінде жеке немесе құпия деректер бар-жоғын тексеру керек», – деп атап өтті сарапшы.

Маман пайдаланушыларға нейросервистерге тек қажетті ақпаратты беріп, ЖСН, мекенжай, банк деректері, құпия кодтар, балалар мен отбасы туралы жеке мәліметтер сияқты ақпаратты жібермеуге кеңес береді.

Константин Ким бұл ретте нақты бір сервистің деректерді қалай өңдейтіні оның құпиялылық саясатына байланысты екенін ескеру қажеттігін еске салды. Мысалы, OpenAI өз саясаты бойынша ChatGPT-ге пайдаланушы енгізетін сұраулар, файлдар, суреттер, аудио және видео сияқты контенттің жиналуы мүмкін екенін көрсетеді.  Сондықтан сарапшылардың негізгі кеңесі қарапайым: нейросетьке жіберетін ақпаратты алдын ала тексеріп, қажетсіз жеке деректерді алып тастау керек.

Оқу үшін