NoFake

Жөтел басталғанда бірден антибиотик ішу, картоп буымен тыныстау дұрыс па

Коллаж: NoFake.kz

Жөтел пайда болғанда, оны асқындырмау үшін бірден антибиотик қабылдаймыз немесе үй жағдайында картоп буымен тыныстаймыз. Мұндай емдік тәсілдер тиімді әрі қауіпсіз бе?

Еліміздің бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыпова NoFake.kz редакциясына антибиотик қандай жағдайда қажет екенін және бумен ингаляция жасаудың қаншалықты тиімді екенін түсіндірді. Маманның айтуынша, антибиотиктер ешқашан профилактикалық құрал болған емес. Олар тек ағзадағы инфекцияны басады. Сонымен қатар, тыныс алу жолдарымыз стерильді емес және тыныс алу жүесінде пайдалы микрофлора болады.

«Антибиотиктер ешқашан профилактикалық құрал болған емес және болмайды да. Бұл – бұрыннан бар инфекцияны басу құралы», — деп атап өтті пульмонолог.

Дәрігердің айтуынша, антибиотиктерді жиі әрі негізсіз қабылдау тыныс алу жолдарының табиғи микрофлорасын өлтіреді, тіпті кейін дәрі көмектеспей қалуы да мүмкін.

«Пайдалы микроағзалар ішекте ғана болмайды. Әдетте біз тек ішектегі микрофлораны өлтіріп алмайық деп  жиі айтамыз. Міне, сондай пайдалы микрофлора біздің тыныс алу, респираторлық жүйеде де бар, түсінесіз бе? Антибиотиктер, ең алдымен, сол пайдалы микроағзаларға кері әсерін тигізеді», — деді дәрігер.

Маман 65 жасқа дейінгі ересектердің ағза резерві жоғары болғандықтан, мұндай ем көп жағдайда қажет емес екенін айтады. Алайда қарт адамдар немесе қатерлі ісік пен диабет сияқты созылмалы дерті бар науқастар үшін жеке тәсіл қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ маман бронхит кезінде қайнатылған картоптың буымен дем алу әдісінің негізсіз екенін атап өтті.

«Мұны бұрын не үшін жасады және неге бұл көмектесетін сияқты көрінді? Біріншіден, көп жағдайда бұл тек солай көрінді. Және кейде, бәлкім, бұл әдіс жай ғана зиянсыз болды. Яғни, біз салқын тигенде, әсіресе балалар ауырған кезде не істегіміз келеді? Қандай да бір белсенділік танытып, құр отырмай, науқасқа көмектескіміз келгендіктен, бірдеңе жасау керек сияқты болады. Және бұрын мұндай көмек түрлері аз болғаны сонша, бумен тыныс алу, жалпы қандай да бір ингаляциялар жасау әдетке айналған еді», — деді Наталья Латыпова.

Наталья Латыпова адам ағзасы қайнатылған картопсыз-ақ кеудені өзі жылытып, ылғалдандыра алатынын айтады.

«Қазіргі кезде бізде көптеген небулайзерлік ингаляция бар. Сондай құралдарды пайдалана отырып, будың көмегімен қол жеткізетін жалғыз нәрсе – тыныс алу жолдарын біршама ылғалдандыру. Мұны ауаны қыздырмай-ақ, мысалы, қарапайым стерильді физиологиялық ерітіндіні буландыру арқылы да жасауға болады. Бірақ көп жағдайда, бұған уақыт өте келе адам ағзасы өз бетінше қол жеткізеді», — деді дәрігер.

Осылайша, еліміздің бас пульмонологы Наталья Латыпова жөтелді емдеу үшін бірден антибиотек ішу немесе салдыру, қайнағана картоптың буымен тыныстау дұрыс емес екенін айтты. Бұған дейін «Флюорографияны жылына екі рет жасау қатерлі ісікке әкеле ме?» деген сауалға жауап берген едік.

Оқу үшін