Сайлаудағы ерекше образдар саяси технология ма, әлде тренд пе: Сарапшылар талдауы

Фото: Gov.kz
Сайлау кезінде учаскеге ұлттық киіммен, түрлі кейіпкерлердің образында, тіпті халатпен келетін сайлаушыларды әлеуметтік желіден жиі көруге болады. Бірі мұны азаматтық белсенділіктің көрінісі деп қабылдаса, енді бірі назар аудартудың немесе саяси технологияның тәсілі болуы мүмкін деп санайды. NoFake.kz сарапшылардан мұндай әрекеттің артында қандай себептер болуы мүмкін екенін сұрады.
Назар үшін күрес саясатқа да келді
«Халық үні» халықаралық тәуелсіз байқаушылар тобының мүшесі, саясаттанушы, PhD Нұрболат Нышанбай референдум, Парламент және Президент сайлауларындағы байқаушылық тәжірибесіне сүйене отырып, мұндай құбылысты қоғамдағы назар үшін күреспен байланыстырады.
«Қазір саясатта ғана емес, жалпы қоғамның барлық саласында назар үшін талас жүріп жатыр. Адамдар елдің назарын аудару үшін түрлі әрекетке барады. Бұл үрдіс саясатқа да келді. Сайлау кезінде дәстүрлі емес формада келген инфлюенсерлер мен қоғамға ықпалды адамдар саясаттан алыс азаматтардың да назарын аударуы мүмкін. Адам соны көріп, елде сайлау өтіп жатқанын біледі. Осы жағынан оны ақпарат жеткізудің балама тәсілі ретінде қарастыруға болады», – дейді Нұрболат Нышанбай.
Алайда саясаттанушының пікірінше, мұндай тәсілдің кері жағы да бар: ерекше образ сайлаудың мазмұнын екінші орынға ығыстыруы мүмкін.
«Мұндай жағдайда негізгі месседж қалып қояды да, форма алдыңғы орынға шығады. Мысалы, сайлау учаскесіне ванна халатымен келген адам сайлау туралы қандай да бір ой айтып тұрған жоқ, назарды өзінің образына аударып тұр. Ал сайлау күніндегі негізгі сұрақ – азаматтың алдағы бес немесе жеті жылға қандай саяси бағытты таңдайтыны болуы керек», – дейді сарапшы.
Биыл 15 наурызда өткен референдум кезінде де елордалық салауатты өмір салтын ұстанушылар тобы сайлау учаскесіне дейін жүгіріп барған еді.

Нышанбайдың айтуынша, ерекше киіммен дауыс беруге келудің өзі заңға қайшы әрекет емес. Алайда адамның әрекеті сайлау процесіне кедергі келтірмеуі тиіс.
«Азамат ерекше образбен келді екен деп оны заң бұзды деп айта алмаймыз. Егер ол басқа адамның атынан дауыс беруге талпынбаса, сайлау процесіне кедергі келтірмесе немесе қоғамда тұрақсыздық туғызуға бағытталған заңсыз әрекетке шақырмаса, ерекше киімнің өзінен заң бұзушылық іздеудің қажеті жоқ», – деп түсіндірді саясаттанушы.
Азаматтық бастама да, саяси технология да болуы мүмкін
Саясаттанушы, PhD Қазбек Майгелдинов мұндай әрекетке бір ғана себеп іздеу дұрыс емес деп есептейді. Оның сөзінше, кей елдерде сайлау күні мереке ретінде қабылданып, азаматтар ұлттық киім киіп, өздерінің азаматтық ұстанымын көрсетеді. Ал кей жағдайда ерекше образ өзін көрсету немесе үнсіз наразылық білдіру тәсілі болуы мүмкін.
«Бұл шынайы азаматтық бастама немесе қалыптасқан дәстүр болуы мүмкін. Сонымен бірге адамның өзін көрсетуі, ерекшеленуі, тіпті үнсіз наразылық білдіруінің бір формасы болуы ықтимал. Саяси технологтардың құралы, яғни жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған ұйымдастырылған саяси театр болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды», – дейді Қазбек Майгелдинов.

Әлеуметтік желі сайлаудағы әрекетімізге әсер ете ме?
PR CULT креатив агенттігінің басшысы, бизнес-тренер (BCPD AIFC) Салтанат Әскербекқызы ерекше образбен дауыс беруге келуді өзін көрсету еркіндігімен байланыстырады. Оның айтуынша, заңмен тыйым салынбаған және өзгелерге кедергі келтірмейтін жағдайда азаматтың қандай киім таңдайтыны – оның жеке шешімі. Сонымен бірге сарапшы әлеуметтік желілердің мұндай әрекеттерге ықпалын ескеру қажет дейді.
«Қазір әлеуметтік желі адамдардың эмоциясына, мінез-құлқына және өзін көрсету тәсіліне қатты әсер етеді. Назар аударатын контент өте көп. Сондықтан ерекше образ хайп, қалжың немесе қаралым жинау үшін де таңдалуы мүмкін. Бірақ әр жағдайды жеке қарастырмай тұрып, бәрін бір себеппен түсіндіру дұрыс емес», – дейді Салтанат Әскербекқызы.
Оның пікірінше, адамның ерекше образды күнделікті өмірінде де қолданатынын немесе тек сайлау күні ғана осылай көзге түскенін ажырату маңызды. Сондықтан жекелеген видеоларға қарап оның саяси мақсатын бірден анықтау мүмкін емес.
«Мысалы, Алдар Көсе болып немесе халатпен келген адамды көрдік делік. Оның күнделікті өмір салты қандай, мұндай образ оған тән бе, әлде тек сайлау күні бір рет осылай көзге түсті ме – оны білмейміз. Сондықтан бірден «бұл саяси әрекет» немесе «жай хайп» деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ саяси технология тұрғысынан алғанда, назар аудартатын мұндай құралдардың қолданылуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз», – дейді сарапшы.
Сарапшылардың пікірлерін саралай келе, қорыта айтсақ — сайлау учаскесіне ерекше образбен келудің ортақ бір себебі жоқ. Ол азаматтық белсенділік, өзін көрсету, әлеуметтік желіге контент жасау немесе саяси коммуникацияның тәсілі болуы мүмкін. Сондықтан адамның киіміне қарап оның саяси мақсаты туралы бірден қорытынды жасауға негіз жоқ.

