NoFake

Елімізде қант өндірісінің жеті есеге төмендегені рас па

Фото: Depositphotos

Кейбір БАҚ беттерінде жарияланған «Елімізде қант шығару көлемі 7 есе азайды» деген мәліметті Ауыл шаруашылығы министрлігі растамады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Скрин әлеуметтік желіден

Министрліктің хабарлауынша, мұндай ақпараттың тарауына түрткі болған өткен жылдың қаңтар-сәуір айларындағы өндірілген қант көлемінің биылғы дәл сол кезең аралығында өндірілген қант көлемінен артық болуы. Алайда бұл көрсеткіш 7 емес, 3,3 есе төмендеген. Оған себеп — 2025 жылы қанттың 2024 жылғы шыққан бөлігінің өңделуі.

Тәтті өнімді өндіру көлемі неліктен өзгерді?

Министрлік мәліметінше, мәселенің төркіні мынада: 2024 жылы қант қызылшасы мол шығып, рекордтық көрсеткіш – 1,2 млн тонна өнім жиналған. Оның жартысы 2025 жылға дейін өңделген.

2024 жылы қант қызылшасы өсірілетін өңірлерде түсімділік жоғары болып, нәтижесінде рекордты 1,2 млн тонна қант қызылшасы жиналды (Алматы облысы – 8,4 мың тонна, Жамбыл облысы – 648 мың тонна, Жетісу облысы – 612,2 мың тонна). Өсірілген қант қызылшасының көлемі зауыттардың өңдеу қуатынан асып түсті, соның салдарынан қызылшаны өңдеу маусымы 2024 жылдың қыркүйегінен басталып, келесі жылға ауысу арқылы 2025 жылдың наурызына дейін созылды. Бұрынғы жылдары өңдеу жұмыстары 110 тәулікке дейін ғана созылатын еді», — деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Осылайша, 2024 жылғы өнімнен барлығы 128 мың тонна қант алынып, оның ішінде 64 мың тоннасы 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында, ал қалған 64 мың тоннасы 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында өндірілген. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабына сәйкес елімізде 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында 21 мың тонна қант өндірілсе, осылайша 2025 жылдың қаңтар — сәуір айларында бұл көрсеткіш 70,2 мың тоннаға тең болған. Яғни қант өндірісі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,3 есеге төмендеді.

Ішкі нарықтағы қажеттілік және жалпы ахуал

Министрлік еліміздің ішкі нарығындағы қантты жылдық орташа тұтыну көлемі шамамен 500 мың тонна екенін мәлімдеді. 2025 жылы нарықтың бұл қажеттілігінің 113,3 мың тоннасы (жалпы көлемнің 23%-ы) отандық шикізат өнімдері арқылы қамтамасыз етілсе, тропикалық шикізатты (тростник) өңдеу арқылы – 58,7 мың тонна, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тасымалданған дайын өнім – 512,9 мың тоннаға тең болған. Сонымен қатар, ведомство республикада қант өндіретін 4 зауытта шикізатты өңдеу қуатын арттыруға бағытталған жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

«Көксу қант зауытында қант қызылшасын өңдеу қуатын тәулігіне 2,2 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде, аяқталу мерзімі – 2027 жыл. «Ақсу Қант» ЖШС кәсіпорнында инвестор зауыттың қуатын тәулігіне 3,5 мың тоннадан 4,5 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, аяқталу мерзімі – 2028 жыл. Бұдан басқа, Тараз қант зауыты ағымдағы жылдың қазан айында қант қызылшасын өңдеу бойынша тәуліктік қуаты 3 мың тонна болатын желіні іске қосуды жоспарлап отыр. Зауыттарды қызылша шикізатымен қамтамасыз ету үшін 2026 жылы қант қызылшасының егіс алқаптары 21,5 мың гектарға дейін кеңейтілді (2025 жылы – 17,8 мың гектар)», — деп мәлімдедіминистрлік редакциямызға берген жауабында министрлік.

Осылайша Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде қант қызылшасының егістігі былтырмен салыстырған 3.7 мың гектарға кеңейіп,  2028 жылға дейін қант өндірісі жоғарыда аталған зауыттарда тәулігіне 6800 тоннаға артатыны белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін біз АШМ қант бағасының қымбаттайтынын жоққа шығарғаны жайлы жазған болатынбыз.

Оқу үшін