Қант бағасы тағы қымбаттайды — фейк

Фото: Depositphotos
Ауыл шаруашылығы министрлігі қант бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін деген қауесетке жауап берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанның бірқатар өңірінде түйіршіктелген қант бағасының күрт қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бағаның өсуіне үй жағдайында қысқа азық дайындау кезеңіндегі маусымдық сұраныстың артуы, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының қажеттілігі әсер еткен.
«Әр өңірде көтерме жеткізушілер бар. Кейбір жерде жеткізілімге, енді бір жерде қант импортына қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сонымен қатар, сусын, кондитерлік өнімдер және басқа да азық-түлік өндіретін кәсіпорындар тарапынан қантқа деген сұраныс күрт артқан болуы ықтимал», – деді вице-министр.
Министрлік өңірлік тұрақтандыру қорларында қажетті қант қоры жасақталғанын хабарлады. Егер баға күрт өссе, бұл қорлар нарыққа шығарылып, жағдайды тұрақтандыруға пайдаланылмақ.
«Қант тапшылығына алаңдауға негіз жоқ. Қазір қоймаларда елдің қажеттілігін үш ай бойы қамтамасыз етуге жететін қант қоры бар», – деді Азат Сұлтанов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бір апта ішінде қант бағасының соңғы төрт жылдағы ең жоғары өсімі тіркелгені хабарланған болатын. Павлодар қаласында 24 маусым мен 1 шілде аралығында қанттың бағасы 12,5 пайызға қымбаттаған.


