«Алматыда жойқын жер сілкінісі болады»: сейсмологтар тараған ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Gov.kz
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстанда, соның ішінде Алматыда алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта Алматыда күшті жер сілкінісінің жақындағанын көрсететін сейсмикалық режимдегі аномальды өзгерістер тіркелмеген.
«Қазіргі ғылым жер сілкінісінің нақты болатын күнін, уақытын, орнын және күшін дәл болжауға мүмкіндік бермейді», – деп түсіндірді орталық мамандары.
Сонымен қатар Алматыда жер сілкінісі туралы халықты ерте автоматты түрде ескерту жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қалада жоспарланған 40 нысанның координаттары анықталып, оның 35-інде сейсмикалық станциялар салынған.
2025 жылдан бері Алматы облысының аумағында жер сілкінісін ерте анықтауға арналған 70 автоматтандырылған станция орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазір оның 65-і салынып, қалған бес станцияны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Кейін жаңа станциялар қолданыстағы ерте автоматты ескерту жүйесінің 28 станциясымен біріктіріледі.
Бұдан бөлек, қалада халықты жедел хабардар етуге арналған Mass Alert жүйесін енгізу және Алматы агломерациясының сейсмогеодинамикалық жағдайын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мамандар жер сілкінісінің нақты уақытын алдын ала болжау мүмкін болмағанымен, төтенше жағдайға дайын болу маңызды екенін ескертеді. Тұрғындарға төтенше жағдайға арналған сөмкені алдын ала дайындап, үйдегі қауіпсіз орындарды анықтап, жер сілкінісі кезінде отбасы мүшелерімен әрекет ету тәртібін келісіп қою ұсынылады.


