NoFake

ШҚО-да 600-ден аса педагогтің жеке деректері тендерге қалай түсті?

Фото: depositphotos

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында мектептер мен балабақшалардың 600-ден астам қызметкерінің жеке деректері мемлекеттік сатып алу порталында ашық жарияланған. Прокуратура араласқаннан кейін мәліметтер көпшілікке қолжетімді жерден өшірілді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Ұлан ауданының прокуратурасы дербес деректерді қорғау заңнамасының сақталуына жүргізген талдау барысында жергілікті білім беру ұйымдарының қызметінен заңбұзушылықтарды анықтады. Мектептер мен балабақшалар қызметкерлерін міндетті медициналық тексеруден өткізу қызметін сатып алу туралы хабарландыруларды мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған», -делінген хабарламада.

Алайда сатып алу құжаттарына қызметкерлер туралы егжей-тегжейлі мәліметтер қамтылған тізімдер де қоса тіркелген.

«Шектеусіз тұлғалар шеңбері үшін ашық қолжетімділікте қызметкерлердің толық анкеттік деректері (Т.А.Ә. мен ЖСН), атқаратын лауазымдары, тұрғылықты мекенжайлары және жеке байланыс телефон нөмірлері пайда болған. Бұл құпия ақпараттың таралуына тікелей қауіп төндірді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Осылайша, барлығы 611 қызметкердің дербес деректері ашық қолжетімді болған.

Аудан прокуратурасының қадағалау актісінен кейін заңсыз жарияланған мәліметтер мемлекеттік сатып алу порталынан өшірілген. Заңбұзушылыққа жол берген жауапты лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. ШҚО прокуратурасы дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу немесе тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Оқу үшін