ЖСДП партиясы сайлау алдында фейк ақпаратпен қалай күреседі

Фото: NoFake.kz
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) сайлау науқаны кезінде жалған ақпарат пен манипуляцияларға қалай жауап беретінін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz. Орталық сайлау комиссиясының отырысынан кейін өткен брифинг барысында ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибулов сайлау кезінде фейктердің көбейетінін, бірақ партияның бұған қарсы нақты жазылған жоспары жоқ екенін айтты.
«Сайлауалды кезең жақындап келеді. Бұл уақытта фейк ақпарат пен түрлі манипуляциялардың көбею қаупі жоғары. Біз бұл бағытта арнайы стратегия немесе жеке жоспар әзірлемедік. Дегенмен, жалған ақпарат тараған жағдайда, оны жедел тексеріп, ресми әлеуметтік желідегі парақшаларымыз бен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға уақтылы әрі нақты ақпарат ұсынамыз», -деді ЖСДП-ның Орталық аппарат жетекшісі.
Ал редакциямызға берген қосымша мәліметінде ЖСДП фейктерге қарсы бірнеше негізгі әдісті қолданатынындарын алға тартты.
Ашықтық пен тікелей байланыс: Партия басшылығының байланыс нөмірлері мен ресми парақшалары ашық жарияланған. Кез келген азамат немесе журналист ақпаратты тікелей тексере алады.
Ресми мәлімдемелер: Түрлі қауесеттерге жол бермеу үшін партия маңызды мәселелер бойынша өз ұстанымын жедел жариялап отыруға тырысады.
Ішкі бақылау: Партия атынан қате ақпарат кетпеуі үшін барлық ресми материалдар алдын ала орталық аппаратпен келісіледі.
БАҚ-пен жұмыс: Жалған ақпарат анықталған жағдайда, партия өз ресурстары мен БАҚ арқылы теріске шығару хабарламаларын таратады. Мысалы, жыл басында Қостанай облысында ЖСДП-ның атын жамылған фейк сайты анықталғанда, партия бұл туралы журналистер мен фактчекинг сайттарына жедел хабарлаған. Айта кетейік, бүгін партия атынан 33 кандидат Құрылтай сайлауына ұсынылды.


