NoFake

«Шайдоровпен келісімшартқа қол қойдық”: Министрлік видеоүндеу жариялады

Фото: Олимпиада Комитеті

Михаил Шайдоров бойынша қоғамда талқыланған келісімшарт мәселесі шешімін тапты. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ресми мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Вице-министрдің айтуынша, министрлік Михаил Шайдоровты қазақстандық спорттың мақтанышы ретінде бағалайды және оның халықаралық аренадағы жетістіктерін әрдайым қолдайды.

“Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз”, – деді Серік Жарасбаев.

Министрлік мәліметінше, келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданып, бүгінде оған толық қол қойылған. Құжатты рәсімдеу қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілген.

“Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді”, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ведомство 5 маусымда Михаил Шайдоровтың жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанатынын хабарлады. Бұдан бөлек, жақын күндері спортшы өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне барып, келесі Олимпиадаға дайындық пен Қазақстандағы мәнерлеп сырғанауды дамыту мәселелерін талқылайды.

Контекст

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегіндегі дау оның Тимур Балымбетовке берген сұхбатынан кейін басталды. Спортшы сұхбат барысында бес ай бойы жалақы алмағанын айтып, бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Осыдан кейін қоғамда спортшыларды қаржыландыру жүйесіне қатысты сұрақтар көбейді.

Кейін Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме беріп, Михаил Шайдоровтың 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы толық төленгенін мәлімдеді.

Оқу үшін