Шайдоровтың жалақысына қатысты дау: министрлік түсініктеме берді

Фото: Gov.kz
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегінде тараған жалақы мәселесіне қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомство спортшыға төлемдер қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шарттарына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, спортшының 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық көлемде төленген. Ал наурыз айынан бастап Миланда өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуына байланысты жаңа келісімшарт жасау жоспарланған.
«Қазіргі уақытта жаңа келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр. Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады», – деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясы.
Сондай-ақ ведомство мемлекет спортшы алдындағы міндеттемелерін толық орындайтынын атап өтті.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру және қолданыстағы заңнамаға сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған.
Айта кетейік, жуырда Михаил Шайдоровтың Тимур Балымбетовпен сұхбаты шықты. Онда спортшы бес ай бойы жалақы алмағанын мәлімдеген еді. Спортшының бұл пікірі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда түрлі пікір туғызған болатын.


