NoFake

Мүгедектер арбасына қатысты шу: Еңбек министрлігі не дейді

Фото: magnific.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жаңашылдықтар мүгедектігі бар адамдарды үздіксіз қолдау мақсатында енгізіліп жатқанын атап өтті.

Реабилитацияның техникалық құралдарын қайтарудың жаңа моделі туралы ақпарат пайда болғаннан кейін, әлеуметтік желілерде белсенді түрде жалған мәліметтер тарала бастады. Атап айтқанда, желі қолданушылары мүгедектігі бар қазақстандықтарға ескі, пайдаланылған кресло-арбалар беріледі екен деген қауесет таратты.

Скрин әлеуметтік желідегі пікірлерден

NoFake.kz тілшісі мүгедектігі бар адамдарға кресло-арбаларды берудің жаңа механизмі іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне барып қайтты.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скубтың айтуынша, жаңа механизм жеңілдіктерді жоймайды, қайта оларды кеңейтеді. Енді мемлекет жаңа бұйымды беріп қана қоймай, оған тегін сервистік қызмет көрсету мен жөндеуді де өз мойнына алады. Мұндай тәсіл «бердім де, ұмыттым» деген принциптен мұқтаж жандарды толықтай сүйемелдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.

«Бөлмеге арналған кресло-арбалар 7 жылға, ал серуендеуге арналғандары 5 жылға берілетін. Кез келген техникалық құрал сияқты, олар да пайдалану мерзімі аяқталғанша жарамсыз болып қалып жататын. Осы себепті азаматтар тарапынан шағымдар жиілеп, техникалық құралды уақытылы жөндеуге және олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін механизм құруды сұрады. Дәл осы мақсатта аталған пилоттық жоба әзірленді. Қазір біз оны енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Илья Скуб.

Ол жаңа механизмнің арқасында мүгедектігі бар адамдар, егер ескі арбасы ауыстыру мерзімінен бұрын сынып қалса, жаңасын ұзақ күтіп отырмайтынын баса айтты. Осы уақыт аралығында адам басқа қозғалыс құралын тегін ала алады. Уақытша арбалар мен басқа да реабилитация құралдары алмасу базалары мен жалға беру пункттері арқылы беріледі. Оларды Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының филиалдары жанынан ашу жоспарланып отыр.

«Мүгедектігі бар жандар біздің орталықтарға жүгіне алады, онда мамандар реабилитацияның техникалық құралының (РТҚ) жай-күйін тексеріп, оның жөндеуге жарамдылығын немесе ауыстыру қажеттілігін анықтайды. Жөндеу жүргізіліп жатқан уақытта адамға уақытша пайдалануға, былайша айтқанда, арендалық кресло-арба тегін беріледі. Арба жөнделгеннен кейін ол оны өзінің техникалық құралына қайта айырбастап алады», – деп түсіндірді Комитет басшысы.

Ведомство балалардың мүгедектер арбасын жиі ауыстыруға ерекше мұқтаж екенін атап өтті. Баланың үнемі өсіп-жетілуіне байланысты реабилитация құралы уақыт өте келе ыңғайсыз немесе өлшемі сәйкес келмей қалуы мүмкін. Сондықтан олар үшін жаңа арбаны белгіленген мерзімнен бұрын алуға мүмкіндік беретін икемді ауыстыру тәртібін жасау жоспарланып отыр.

Илья Скубтың сөзінше, реабилитацияның техникалық құралдарын қайтарудың жаңа моделін енгізу бойынша пилоттық жоба таяу арада үш өңірде іске қосылады.

«Пилоттық жоба Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында жүзеге асырылады. Қазір оны іске асыру әлі басталған жоқ. Тиісті нормативтік құжаттарды дайындап, оның іске қосылуын бекіту қажет. Егер жоба қолдау тапса, республикамыз бойынша енгізіледі», – деп атап өтті спикер.

Осылайша, мүгедектігі бар қазақстандықтарға біреудің ескі арбалары немесе басқа да реабилитация құралдары беріледі деген ақпарат расталмады. Жаңа механизм әлеуметтік қолдаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілуде. Сынып қалған реабилитация құралы жөндеуге жіберіледі, ал адамға бұл уақытта басқасы беріледі. Егер РТҚ-ны қалпына келтіру мүмкін болмаса, адам жаңасын белгіленген мерзімнен бұрын ала алады.

Оқу үшін