NoFake

Нейрожелілер жалған ақпаратты қоғамға ықпал ету құралына қалай айналдырады

Фото: depositphotos

NoFake.kz дипфейктер, жалған мәлімет пен қастандық (конспирологиялық) теориялары ақпараттық кеңістікті қалай өзгертіп жатқаны және цифрлық дәуірде сыни ойлау неліктен басты дағдыға айналғаны туралы материалды ұсынады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жалған жаңалықтарды суреттің сапасыздығына, сәтсіз монтажға немесе сәйкессіздіктерге қарап, оңай ажыратуға болатын еді. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді: жасанды интеллект шынайы бейнероликтерді, синтезделген дауыстарды, өмірде жоқ телеарналардың «жаңалықтар репортажын» немесе ешқашан болмаған оқиғаның суреттерін жасауға қауқарлы.

Нәтижесінде, фейк контент әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынына терең сіңіп, көбіне шынайы күн тәртібінің бір бөлігі ретінде қабылданады. Ол қоғамдық назарды басқару мен эмоционалды түрде әсер етудің құралына айналуда. Бұл үрдіс әсіресе дағдарыс, қақтығыс және төтенше жағдайлар кезінде, яғни аудитория үрейлі хабарларға барынша сезімтал болып тұрған сәтте қатты байқалады.

Мұндай жағдайда цифрлық гигиена негізгі қауіпсіздік дағдысы ретінде өте маңызды. Әлеуметтік желі қолданушылары вирустық тиімділігі барынша жоғары болу үшін жасалған синтетикалық немесе бұрмаланған контентті шынайы ақпараттан ажыратуды қайтадан үйренуге мәжбүр болып отыр.

ЖИ дәуіріндегі дезинформация

Мұның бір мысалы ретінде таяуда TikTok, Instagram және мессенджерлерде тараған бейнероликтерді айтуға болады. Онда Таяу Шығыстағы нысандарға жасалған соққылардан кейін климат күрт өзгерді деген тұжырым жасалған. Жарияланым авторлары мұны «климаттық қарумен», аномальді ауа райы құбылыстарымен және жасырын салдарлармен байланыстырған.

Скрин: вирустық видеолардан

Бұл ретте әлеуметтік желі қолданушылары, соның ішінде Қазақстан аудиториясы да бұл нарративті белсенді түрде таратты. Бұл негізінен ақпараттың эмоционалды түрде берілуімен және оның вирустық әлеуетінің жоғары болуымен түсіндіріледі.

Алайда, NoFake.kz командасының тексерісі бұл хабарламалардың ешқандай расталған алғашқы дереккөзі жоқ екенін көрсетті. Таралған материалдарда нақты даталар, геолокациялар және ресми деректерге сілтемелер атымен жоқ. Мұнда әртүрлі видеолардың үзінділері, үрейлі музыка және нақты оқиғаларға еш қатысы жоқ эмоционалды жазбалар пайдаланылған.

Скрин: Вирустық видеодан

Сонымен қатар, халықаралық БАҚ шынымен де Таяу Шығыс аймағындағы әскери инфрақұрылымдарға соққы жасалғаны туралы хабарлады. Бірақ климаттық процестерге әсер ете алатын нысандардың қирағаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Метеорологиялық қызметтер де, ғылыми ұйымдар да мұндай салдарды растаған жоқ.

«Жоғары жылдамдықты» дезинформация

Жасанды интеллект көмегімен жасалған контенттің таралу ауқымы жекелеген вирустық жарияланымдар шеңберінен әлдеқайда асып түседі. Ірі халықаралық дағдарыстар кезінде нейрожелілік контент ақпараттық ықпал ету құралы ретінде жұмыс істей бастайды, ал оның таралу жылдамдығы көбіне фактчекерлер мен журналистердің мүмкіндіктерінен озып кетеді.

Бұл әсіресе қарулы қақтығыстар кезінде айқын көрінеді: бұл уақытта әлеуметтік желілер шынайы оқиға ретінде ұсынылатын жасанды суреттерге, қойылымдық видеоларға және эмоционалды роликтерге толып кетеді.

 «ЖИ көмегімен жасалған дезинформация көптеген дереккөздерден бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен таралады. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғаннан бері мұндай материалдарды әртүрлі тараптардың өкілдері жарыса жариялады», — деп хабарлайды Associated Press.

Агенттіктің мәліметінше, дезинформация мен онлайн-экстремизмге мониторинг жүргізетін Стратегиялық диалог институты ЖИ-контентті жүйелі түрде таратып отырған бірқатар аккаунттарды анықтаған. Мұндай жарияланымдардың жалпы қамтуы дағдарыс басталғаннан бері миллиардтан астам қаралымды құраған.

Айта кетерлігі, бұл аккаунттардың бір бөлігінде верификация белгісі (көк құсбелгі) болған, бұл аудиторияның сенім деңгейін одан сайын арттыра түскен.

Осылайша, шынайы оқиғалар нейрожелілер арқылы жасалған немесе өңделген түрлі интерпретациялармен, долбарлармен және визуалды контентпен жиі араласып кетіп жатыр. Мұндай материалдардың негізгі мақсаты – адамда қорқыныш, үрей немесе жасырын қауіп сезімі сияқты күшті эмоционалды реакция тудыру.

Медиасауаттылық жөніндегі сарапшылар контенттің эмоционалдық жүгі неғұрлым жоғары болса, оның манипуляциялық сипатта болу ықтималдығы да соғұрлым жоғары болатынын баса айтады.

 Сарапшы пікірі           

«Кез келген резонансты видеоны көргенде өзіңізге бірнеше негізгі сұрақ қою маңызды: бұл қаншалықты шындыққа жанасады, дереккөз кім, сенімді медиа мен ресми арналарда растау бар ма және авторлар аудиторияда эмоционалды реакция мен асығыс қорытынды тудыруға тырысып жатқан жоқ па. Сондай-ақ, интернеттегі кез келген ақпараттың артында, әдетте, мүдделі тараптар тұратынын түсіну керек. Контентті таратудың артында саяси, қаржылық, репутациялық немесе идеологиялық мақсаттар болуы мүмкін. «Бұл кімге тиімді?» деген сұрақ ықтимал манипуляцияны тезірек анықтауға жиі көмектеседі», — дейді NoFake.kz порталының медиасауаттылық жөніндегі сарапшысы Әсем Миржекеева.

Оның айтуынша, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау әдеті қолданушылардың дезинформация тарату тізбегіне тартылу қаупін азайтады.

«Қоғамда медиасауаттылық деңгейі неғұрлым жоғары болса, фейктер мен манипуляциялық контент арқылы қоғамдық санаға әсер ету соғұрлым қиын болады. Ақпаратты талдай білетін және дереккөздерді тексере алатын адамдар эмоционалды манипуляциялардың құрбанына өте сирек айналады», — деп толықтырды сарапшы.

 Нейрожелі арқылы жасалған контентті қалай тануға болады?

Қазіргі жасанды интеллект жүйелері шынайылықты барған сайын сенімді түрде имитациялағанымен, сгенерирленген контенттің өзіне тән белгілері әлі де сақталған.

Мұндай материалдар көбіне шамадан тыс «мінсіз» көрінеді: қанық түстер, ерекше жарық және бірқалыпты, тіпті киноматографиялық сурет қойылымдық көрініс сезімін тудырады.

Тағы бір белгі – детальдардағы қателіктер. Бұл бұрмаланған нысандар, бұрыс түскен көлеңкелер, фонның бұлдыраған элементтері немесе суреттің жасанды екенін әшкерелейтін деформацияланған бөліктері болуы мүмкін.

Алғашқы дереккөздің болмауы — маңызды белгі. Егер материал авторы, түсірілген орны мен уақыты көрсетілмей немесе ресми құрылымдардың растауынсыз таратылса, оған сақтықпен қарау керек.

Манипуляциялық жарияланымдар көбіне эмоционалды қысымды күшейтуге негізделеді. Онда «мұны жасырып жатыр», «БАҚ үнсіз», «тез арада таратыңыз» деген сияқты тіркестер қолданылады, бұл ақпаратты ойланбастан, жылдам таратуға итермелейді.

Егер «сенсациялық» хабарламалар беделді дереккөздердің растауынсыз, тек анонимді арналар немесе белгісіз аккаунттар арқылы ғана тараса, бұл да күмән тудыруы тиіс.

Дипфейктер жағдайында аудиовизуалды қатардағы сәйкессіздіктерді байқауға болады: еріннің қозғалысы дыбыспен сәйкес келмейді, ал дауыс табиғи интонациясыз, механикалық түрде естіледі.

Оқу үшін