Әскерге шақыру науқаны басталды: нені білу керек

Фото: gov.kz
ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру науқанына байланысты нені білу маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Министрлік мәліметінше, әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңдерді қамтиды. Ведомство шақыртудың қалай берілетінін, мәртебені қалай тексеруге болатынын, кімдерге кейінге қалдыру қарастырылғанын, егер сіз оқуда болсаңыз немесе шетелде жүрсеңіз не істеу керектігін түсіндірді.
Шақырту қағазы қалай беріледі және оны алғаннан кейін не істеу керек?
Министрлік алдымен шақырту қағазының не екенін түсіндіріп өтті.
«Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау — әрбіз жас азамат үшін міндетті заңды талап», — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, шақырту бірнеше жолмен жіберіледі.
«Ол қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді», — делінген хабарламада.
Министрлік құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетілетінін атап өтті.
«Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», — делінген хабарламада.
Құзырлы ведомство шақырту алғаннан кейін, деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.) ескертті.
«Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар», — делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажеттігі белгілі болды.
«Ауырып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуі тиіс», — делінген хабарламада.
Ведомство шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейтінін атап өтті. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі, дейді мамандар. Министрлік уақтылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтетінін ескертті.


