Сұр кредиторлар деген кім және олар немен қауіпті

Фото: Freepik.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «сұр кредиторлардың» кім екенін және олардың несімен қауіпті екенін түсіндірді, деп хабарлайды Nofakek.kz.
Қазақстанда 19 наурыздан бастап тұтынушылық қарыздарды беруге қойылатын талаптарды қатаңдату ресми түрде күшіне енді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі енді банктер мерзімі өткен кезде 90 күнде емес, 30 күнде жаңа қарыздар беруден бас тарта алатынын жеткізді.
«Яғни, төлемдердің қысқа мерзімді кідірісі де банктің тұтынушыға кредиттен бас тартуына негіз бола алады. Сондай-ақ онлайн-қарыздар беру кезінде шешім қабылдау кезеңі және міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілді», — делінген хабарламада.
Агенттік бұл нормалар мемлекет азаматтарды өздерінің қатысуынсыз кредиттер беретін алаяқтармен күресу үшін қабылдағанын атап өтті. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі талаптардың қатаңдауы аясында 2025 жылы жаңа тұтынушылық кредиттер беру айтарлықтай төмендегенін айтады.
Ведомство мәліметінше, аталған бастаманың басты мақсаты — халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету. Дегенмен агенттік осыған қарамастан, елде заңсыз кредит беру жағдайлары жиі тіркелетінін айтады. Айтуларынша, қарыз алушылардың бір бөлігі лицензиясыз, ашық шарттарсыз және қандай да бір қорғанусыз — «сұр» деп аталатын кредиторларға жүгінеді.
Сұр кредиторлар қалай жұмыс істейді
«Сұр» кредиторлар – заңсыз және қаржы реттеушісінің лицензиясын алмай қарыз беретін кредиторлар. Олар жеке тұлғалар немесе ұйымдар болуы мүмкін. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл заңсыз кредиторлар. Олар:
- кірісті тексермей ақша береді;
- кредиттің толық құнын айтпайды;
- басқа шарттар түрінде қарыз ресімдейді – мысалы, тауар сатып алу шарты;
- кепіл талап етуі мүмкін (пәтер, автомобиль);
- борышты қайтару кезінде қысым көрсетеді.
Оларды қалай анықтауға болады?
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға оларды білу үшін, суреттегі кеңеске назар аударуды ұсынады.

«Сұр» кредиторларға жүгіну несімен қауіпті
- Жасырын пайыздар және артық төлем: басында мәлімделген мөлшерлеме төмен болуы мүмкін, бірақ айыппұлдар мен комиссиялар есебінен борыш бірнеше есе жоғарылайды.
- Борыштың жылдам өсуі: есептеулер күнделікті жүргізілуі, ал талаптар – заңсыз кредитор үшін ыңғайлы жаққа қарай өзгеріп отыруы мүмкін.
- Құқықтық қорғаудың болмауы: қарыз тауарды сатып алу ретінде, ал шарт жалған болғанда, сотта сіздің кредит ресімдегеніңізді және сізді алдап кеткенін дәлелдеу қиынға соғады.
- Мүлікті жоғалту тәуекелі: сұр кредиторлар кепілге пәтерді немесе автокөлікті талап етеді, оларды кешіктірген кезде жоғалтуға болады. Атап айтқанда, алаяқтар сіздің мүліктеріңізді өздеріне алуға тырысады.
- Өндіріп алу кезіндегі қысым: қауіп-қатер, психологиялық қысым, дене зорлық-зомбылығы және борышты қайтарудың заңсыз әдістері болуы мүмкін.
- Заң тарапынан қорғаудың болмауы: сұр кредиторлар ережелерді айналып өтіп жұмыс істейді, сондықтан мемлекет сіздің құқықтарыңызды қорғай алмайды.
Агенттік тұтынушылық қарыздарды беруге қойылатын талаптарды қатаңдату аясында азаматтар тарапынан кредит алу көрсеткіші төмендегінін айтады. Осылайша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 21,9% болса, былтыр ол 8,7%-ды құраған .
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми статистикасына сәйкес 2024-2025 жылдары заңсыз микроқаржылық қызмет фактілері бойынша 19 қылмыстық іс тіркелген, 2026 жылғы екі айда тағы 6 қылмыстық іс тіркелген. Ал заңсыз берілген кредиттер сомасы 220 млрд теңгеден асқан.


