«Қауіпсіз шот»: Павлодарлық зейнеткер 4 млн теңгесін алаяқтарға аудара жаздады

Фото: Polisia.kz
Павлодарда ІІМ оқу орталығының қызметкері телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздаған зейнеткерді 4 миллион теңгесінен айырылып қалудан құтқарып қалды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Polisia.kz мәліметінше, қаскөйлер алдымен өздерін медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, тексеруден өту үшін SMS-кодты айтуды сұраған. Қауіптенбеген зейнеткер кодты айтып қойған. Кейін алаяқтар қайта хабарласып, бұл жолы «қауіпсіздік қызметінің» атынан сөйлеп, оның банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтқан. Олар зейнеткерді барлық жинағын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болған.
Қатты алаңдаған қария есепшотынан 4 миллион теңге шешіп алып, Павлодардағы Batyr Mall сауда орталығына барған. Алаяқтар телефон арқылы байланысын үзбей, оның әр қадамын бақылап отырған. Алайда ІІМ оқу орталығының қызметкері Салтанат Каримова егде жастағы азаматтың күмәнді әрекеттерін байқап, дереу полиция шақырған.
«Осындай сәттерде бейжай қалмай, күмәнді жағдайды байқасаң, дереу әрекет ету өте маңызды. Сол сәтте мен тек адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жөн санадым», – деді Салтанат Каримова.
Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында зейнеткер ақшасын аударып үлгермеген. Нәтижесінде алаяқтардың қылмыстық жоспары жүзеге аспай қалды.
ІІМ азаматтарға банк қызметкерлері, полиция, медициналық мекемелер немесе өзге де ресми ұйымдар ешқашан телефон арқылы ақша аударуды, SMS-код айтуды немесе жеке деректерді беруді талап етпейтінін ескертті.


