Түлектер кеші жеңілдікпен: Ресейде алаяқтар ата-аналарды қалай алдап жатыр

Фото: depositphotos
Ресейде жас түлектердің ата-аналарына бағытталған жаңа алаяқтық схемасы пайда болды, деп хабарлайды NoFake.kz Риа Новостиге сілтеме жасап.
«Роскачествоның цифрлық сараптама орталығы түлектердің ата-аналарына бағытталған алаяқтық схемалардың жаңа толқынын тіркеп отыр. Қаскөйлер мерекені толық ұйымдастырып береміз деп, 50%-ға дейін жеңілдік ұсынады, алдын ала төлем алып, кейін ізім-ғайым жоғалады», – делінген хабарламада.
Роскачество мәліметінше, қаскөйлер жабық чаттар мен тақырыптық топтарда арзан бағамен түлектер кешін өткізу туралы хабарландыру жариялайды.
“Жыл сайын мектеп бітіру кештері қарсаңында ата-аналар мен түлектерге бағытталған алаяқтық схемалар көбейеді. Өткен жылы қаскөйлер емтихан жауаптарын сатамыз деген сылтаумен аккаунттарды ұрласа, биыл мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға көшкен”, – деді Роскачествоның цифрлық сараптама орталығының жетекшісі Сергей Кузьменко.
Ата-аналарға мерекелік мәзір, жүргізуші, фотограф және шоу-бағдарлама кіретін “толық пакет” ұсынылады. Алаяқтар “жеңілдік уақыты шектеулі” деп асықтырып, алдын ала төлем талап етеді.
“Бірегей ұсынысты” жіберіп алмауға тырысқан ата-аналар бірнеше ондаған мыңнан жүздеген мың рубльге дейін ақша аударады. Алайда қаражат түскеннен кейін қаскөйлер байланысқа шықпай, чаттарды бұғаттап, хабарландыруларды өшіріп тастайды.
Роскачество мамандары іс-шара өтетін орынды алдын ала тексеруге, ресми келісімшартсыз ақша аудармауға, пікірлерді оқып шығуға және ұйымдастырушылардың байланыс деректерін нақтылауға кеңес береді.


