«Кредит жауып, тұрмыс құрасыз»: Адамдар коучтардың курсына неге сенеді

Коллаж: Nofake.kz
Адамдар коучтар мен психологтардың курсына сеніп, өмірін түбегейлі өзгертуге тырысады. Түрлі техниканың көмегімен «кредиттен құтылып, тез арада тұрмыс құруға» бола ма? Nofake.kz анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде түрлі психологтар мен коучтардың курстары толып тұр. Кейбір адам коучтарға алданып, курсты сатып алса да, соңында еш табысқа жетпегенін жазған.

Осы орайда, жалған курстар мен «псведомамандарға» сенбеу қажеттілігі жиі айтылса да, көпшіліктің не себепті оларға нанып, тағы да курс сатып алатыны туралы заңды сауал туындайды. Мәселен, айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан осындай техниканың түр-түрін көруге болады. Ол өзі ұсынған техникалардың бірінде адамдарға кредиттен құтылудың «кілтін» ұсынса, енді бірінде тез тұрмыс құрудың құпиясымен бөліседі. Аталған техникалар қаншалықты тиімді? Коучтар бұл әдіспен нені көздейді? Мамандарды тілге тарттық.
Заңгер Руслан Қожахметтің айтуынша курсты сатып алғаннан кейін немесе қандай да бір техниканы орындағаннан соң, адамдардың барлық мәселесі түбегейлі шешіледі деп ойлау — қателік. Маман мұндай курстар жеке адамға арналып жасалмайтынын атап өтті.
«Мұндай курстарды сатып алғаннан кейін адамдардың бірден барлық мәселесі шешіледі деп айту дұрыс емес, ондай техниканың барлығы маркетингтік сипатқа ие. Олар жеке адамдарға арналып жасалмаған. Құқықтық тұрғыда курстарды кепілдік берілетін, нәтижесі бар қызметке ұқсатуымыз мүмкін, алайда сотта шағым беруші мен жауап беретін тұлғаға оны дәлелдеу қиын болады», — дейді заңгер Руслан Қожахмет.
Сонымен бірге заңгер қай уақытта курстардың білім беру қызметіне нақты жатқызылатынын түсіндірді. Ол егер курстар ресми білім беру бағдарламаларын жүзеге асырмаса және мемлекеттік үлгідегі құжаттар бермесе, лицензияланатын білім беру қызметіне жатпайтынын атап өтті.
«Коуч, тренер, психолог және басқа да осыған ұқсас қызметпен айналысатын блогерлер өз курстарын әдетте білім беру сипатында деп көрсетпейді, себебі ондай жағдайда ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес заңда көзделген растау және лицензиялау рәсімдерінен өтуі қажет болады. Сондықтан, қысқа мерзімді тренингтер, мастер-кластар мен онлайн-курстар көбінесе қосымша, ресми емес оқыту форматы аясында жұмыс істейді», — деді маман.
Сонымен бірге заңгер коучтар ұсынатын курстар қай Заңмен реттелетініне тоқталды.
«Кәсіби біліктілік туралы» заң біліктілікті тану мен олардың жүйесін реттейді, алайда бұл заңның өзі мемлекеттік біліктілігі жоқ тұлғалардың коммерциялық курстар өткізуіне тыйым салмайды. Осыған орай негізгі реттеу азаматтық заңнама мен ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасы аясында жүзеге асады. Бұл жағдайларда құқықтық тұрғыдан маңызды факторлар ретінде шарттың мазмұны, уәде етілген қызмет көлемі, өнім мен оны ұсынушы туралы ақпараттың шынайылығы ерекше мәнге ие», — деді заңгер.
Курс көмегімен «тез арада кредитті жауып, тұрмысқа шығуға» бола ма?
Заңгер мұндай курстарды сату барысында коучтар не себепті «тұрмысқа шығу, несиеден тез құтылу» сынды техниканы таңдайтынын түсіндірді.
«Психологтар мен коучтар жалпы алғанда мұндай курстарды заңды түрде сата алады. Дегенмен рұқсат етілген маркетинг пен манипуляцияның ара-жігі берілген уәденің шынайылығы мен орындылығы арқылы белгіленеді. Көп жағдайда олардың тиісті дайындығы болады, ал тұтынушы психология немесе коучинг бағдарламалары бойынша оқудан өткенін растайтын құжаттарды сұратуға құқылы», — деді ол.
Заңгер коучтар курс ұсынғанда нені ескеру қажеттігін атап өтті.
«Этикалық модельге сәйкес, маман бұл өнімнің емдеу әдісі емес екенін, оның оқыту немесе консультациялық қызмет екенін және өмірлік нәтижеге кепілдік бермейтінін нақты көрсетуі, өз біліктілігін ашық жариялауы, қолданылатын әдістің шектеулерін түсіндіруі, коучингті психотерапиямен алмастырмауы тиіс. Ал манипулятивті практика жалған ғылыми терминология қолданылғанда, «бірегей құпия» бар деген иллюзия жасалғанда, жылдам нәтиже уәде етілгенде, клиенттің коучқа тәуелділігі қалыптасқанда және эмоционалдық қысым арқылы оның сыни ойлауы әлсірегенде пайда болады», — деді маман.
Адамдар не себепті коучтарға сенеді?
Психотерапевт Күләндә Төлендиева жалған психологтар мен коучтардың көбейгеніне қарамастан, адамдарды не себепті мұндай курстарға сенетінін түсіндірді.
«Себебі адамдар мұндай курс пен техниканы тығырықтан шығу жолы деп ойлайды. Алайда осы арқылы өзінің қалай техниканың құрбаны болып кеткенін байқамай қалады. Яғни, мәселенің шешімін өзінен емес, сырттан іздейді. Иә, мұндай курстар алаяқтыққа жатқызылмауы мүмкін, алайда психологиялық тұрғыда олар адамның сезімтал тұсын пайдаланады, шынайы жұмысты жалған уәделермен алмастырады, коучқа «құдайдай» сенуді күшейтеді және ешбір негізсіз өзгерістер иллюзиясына алып келеді», — дейді психотерапевт.
Ол курстарда техникадан бұрын, адамның оларға кәміл сенетініне назар аударды. Маманның пікірінше, мұндай техника адамның басынан өтіп жатқан қиындықтарын шешпейді, тек оны уақытша «алдайды.
«Мұндайда техниканың орындалмай қалмауы емес, адамның осындай әдістерге тәуелді болып қалуында болып отыр. Себебі ол шынайы мәселені шешпей, тағы да түрлі әдіс-тәсіл іздеудің жетегінде кетеді. Сондықтан адамдар олардың барлығына сене бермей, сыни сараптама жасап үйренуі тиіс», — деді маман.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова адамдардың курсқа сенуінің бірден бір себебі — маркетинг құралдарының әсері деп біледі.
«Мұндайда маркетингтің күші көп, себебі ол — тез табысқа жетуді, өмірді өзгертіп жіберуді, «дайын табыс кілтін» беруді насихаттайды. Көрдіңіз бе? Адамды баурап алатындай әсері мол. Ондайға әсіресе жеке немесе кәсіби өмірінде қиындықтарға тап болған адамдар тез иланып қалады. Сол үшін адамдарға тек кәсіби мамандар курс ұсынуы тиіс», — деді депутат.
Заң не дейді?
«Құқықтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, егер курс жарнамасында кепілдендірілген нәтиже немесе нәтижелер туралы әдейі жалған мәліметтер көрсетілсе, бұл жалған жарнама ретінде бағаланып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Сол сияқты егер қаражат алдау жолымен алынған болса, мұндай әрекеттер алаяқтық ретінде қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Ал өзге жағдайларда тұтынушы азаматтық-құқықтық тәртіппен, егер көрсетілген қызмет жарияланған шарттарға сәйкес келмесе, шартты бұзуды және төленген қаражатты қайтаруды талап етуге құқылы», — дейді заңгер Руслан Қожахмет.
Айта кетейік, елімізде 2025 жылдың 22 желтоқсанында коучтердің кәсіби стандарттары бекітілген еді. Құжатта енді бұл қызметпен кімдер айналыса алады, оларға қандай талаптар қойылады әрі біліктілігі қалай бағаланатыны көрсетілген.


