Астана ыстық әрі құрғақ қалаға айналуы мүмкін бе: Сарапшылар болжамы

Фото: MidJourney
Ақмола облысы мен Астана қаласына қатысты климаттық деректер бұл өзгерістердің ғылыми тұрғыда да расталатынын көрсетеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстанда климаттың өзгеруі тек жаһандық мәселе ғана емес, ел ішінде де нақты байқалып отырған құбылысқа айналды. Соңғы жылдары ауа райының құбылуы, қыс мезгілінің жұмсаруы, көктемнің ерте келуі және жауын-шашын сипатының өзгеруі жиі айтылып жүр.
Қазгидромет мәліметтері өңірде жылыну үрдісі тұрақты қалыптасқанын дәлелдесе, Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana зертханасының аға ғылыми қызметкері Вадим Япиев климаттық тенденциялардың себебі мен болашақта өзгеруі мүмкін әсерлеріне тоқталды.
Ақмола облысы: температура көтеріліп, ылғалдану артып келеді
Қазгидромет деректеріне сәйкес, Ақмола облысында соңғы онжылдықтарда ауа температурасының тұрақты өсуі тіркелген. Қазіргі климаттық кезеңдегі (1991–2020 жылдар) орташа температура базалық кезеңмен (1961–1990 жылдар) салыстырғанда жоғары.
«Соңғы онжылдықтарда Ақмола облысында тұрақты жылыну байқалады. Қазіргі климаттық кезеңде (1991–2020 жж.) орташа ауа температурасы базалық кезеңмен (1961–1990 жж.) салыстырғанда 0,8 °C-қа жоғары», – делінген ресми мәліметте.
Сонымен қатар 1976–2025 жылдар аралығында жылыну қарқыны орта есеппен әр он жыл сайын 0,36 градусқа жеткен. Бұл өзгеріс әсіресе көктем мезгілінде айқын байқалады, сондай-ақ күз және қыс айларында да температураның өсуі тіркелген.
«1976–2025 жылдары температураның өсу қарқыны орта есеппен әр он жыл сайын 0,36 °C болды. Ең айқын жылыну көктемде, сондай-ақ күз бен қыс мезгілдерінде байқалады», – деп көрсетілген Қазгидромет деректерінде.
Температураның өсуімен қатар, өңірде жауын-шашын көлемі де артып келеді. Орташа жылдық көрсеткіштер қазіргі кезеңде базалық деңгейден жоғары, ал жалпы өсім әр он жыл сайын 15 мм-ден асқан.
«Жауын-шашын көлемі 1976–2025 жылдары әр он жыл сайын 15 мм-ден астамға артқан. Өсім барлық маусымда байқалады, ең жоғары көрсеткіш қыс мезгілінде тіркелген», – делінген ресми деректе.
Осылайша, Ақмола облысының климаты суық кезеңде жылыну үрдісінің күшеюімен және аумақтың біртіндеп ылғалдануымен сипатталады.
Астана: жылыну қарқыны жоғары, жауын-шашын да көбейген
Қатты континенттік климат аймағында орналасқан Астана қаласы да жылыну үрдісін айқын көрсетіп отыр. Қазгидромет мәліметінше, 1976-2025 жылдар аралығында елордада температура тұрақты өсіп, оның жылдамдығы әр он жыл сайын шамамен 0,54 градусқа жеткен.
«1976–2025 жылдары Астана қаласында ауа температурасының тұрақты өсімі байқалып, жылыну қарқыны әр он жыл сайын шамамен 0,54 °C болды», – деп хабарлайды Қазгидромет.
Бұл көрсеткіш Ақмола облысының орташа өсімінен жоғары. Сарапшылар мұндай айырмашылыққа қалалық факторлар – урбанизация және құрылыс қарқыны әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жылынудың ең қарқынды кезеңі көктем мезгілінде байқалғанымен, қыс және күз айларында да температураның көтерілуі тіркелген.
Сонымен қатар елордада жауын-шашын көлемі де артып келеді. Қазгидромет дерегінше, соңғы онжылдықтарда жауын-шашын өсімі әр он жыл сайын 21 мм-ден асқан, ең айқын өзгеріс қыс мезгілінде байқалған.
«Жауын-шашын көлемінің өсімі соңғы онжылдықтарда әр он жыл сайын 21 мм-ден астам болды. Ең елеулі өсім қыс мезгілінде тіркелген», – делінген ресми мәліметте.
Ғалым пікірі: «қалалық жылу аралы» және болашақтағы негізгі қауіп
Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana зертханасының аға ғылыми қызметкері Вадим Япиев Астана климаты бойынша зерттеу жүргізіліп жатқанын және нақты көрсеткіштер анықталғанын айтты. Оның сөзінше, 1981–2019 жылдар аралығында жылыну жылдамдығы жылына 0,04 градусқа жеткен.
«Біз Астана климаты бойынша 1981 жылдан 2019 жылға дейінгі деректерді талдаған мақаланың жариялануын күтіп отырмыз. Метеостанция деректері бойынша осы кезеңдегі жылыну жылдамдығы жылына 0,04° болды. Ең статистикалық тұрғыдан маңызды жылыну көктем айларында, әсіресе наурыз–сәуір кезеңінде байқалады», – деді Вадим Япиев.

Ғалым климаттың өзгеру себептері табиғи және антропогендік факторлармен байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, табиғи себеп – жаһандық климаттың өзгеруі, ал антропогендік факторлар ішінде Астананың қарқынды құрылысымен байланысты «қалалық жылу аралы» құбылысы маңызды рөл атқарады.
«Астанадағы жылынудың бір себебі – қаланың тығыз құрылысы. Бұл «жылу аралы» эффектісін тудырады, яғни қала ішіндегі температура ауылдық жерлерге қарағанда едәуір жоғары болады. Болашақта климаттың өзгеруіне байланысты күн ыси түседі, бұл жауын-шашын мөлшері аздап артқанымен, жердің құрғауына әкелуі мүмкін. Әсіресе, бұл үрдіс Батыс және Оңтүстік Қазақстанда қатты сезіледі», – деді маман.
Ғалым болашаққа қатысты болжамдарда негізгі үрдіс ретінде температураның өсуі және жазғы жауын-шашынның азаюы көрсетіліп отыр. Бұл өз кезегінде құрғақшылық тәуекелін арттыруы мүмкін.
«Соңғы кезеңдегі бақылаулар жазғы жауын-шашынның азаюын және температураның өсіп келе жатқанын көрсетеді. Температура жоғары болғандықтан булану күшейеді, жер құрғай түседі. Сондықтан Қазақстан бойынша, оның ішінде Астанада да ауа райы ыстық әрі құрғақ болуы мүмкін», – дейді Вадим Япиев.
Сонымен қатар ғалымның айтуынша, Қазақстанда климаттық өзгерістен ең көп зардап шегуі мүмкін өңірлер – батыс және оңтүстік аймақтар.
Дүниежүзілік метерологиялық ұйымның соңғы деректері бойынша, біздің ғаламшардың орташа беткі температурасы 1850–1900 жылдардағы тіркелген деңгеймен салыстырғанда шамамен 1,44 °C–1,48 °C жоғары болды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы тіркелген ең жоғары мәндер қатарына кіреді және соңғы үш жыл (2023–2025) рекордтық жылы кезеңдер қатарында тұр.


