NoFake

Баланың жақсы болуы нағашыдан ба: Америкалық антропологтың эксклюзив сұхбаты

Эволюцию 001.jpg

Фото: Коллаж nofake.kz/

nofake.kz/ «Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген түсініктің қаншалықты ғылыми негізі бар екенін анықтау мақсатында әлемге және елге белгілі генетик, тектанушы, психолог мамандармен сұхбаттар сериясын жазып келеді.

Бүгін оқырман назарына американдық антрополог, адам эволюциясы мен аңшы-жинаушылардың эволюциялық экологиясы маманы, Юта университетінің еңбек сіңірген профессоры және АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Кристен Хоукспен болған эксклюзивті сұхбатты ұсынамыз.

Кристен ханым, қазақ халқында «Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген пікір бар. Яғни қазақ мәдениетінде баланың дарыны, зейіні, сырт келбет пен мінез-құлқы секілді ең құнды қасиеттері ең алдымен анасының қанымен беріледі деген сенім кең таралған. Сіздің көзқарасыңызша, бұл идеяның ғылыми негізі бар ма?

— Егер Дарвинге жүгінетін болсақ, адамзат тарихына қызығатындар Чарльз Дарвин туралы біледі деп ойлаймын, біз оның табиғи сұрыпталу арқылы жүретін эволюция туралы іліміне сүйенеміз. Алайда, ол тұқым қуалаушылықтың нақты қалай жұмыс істейтінін білген жоқ. Бұл процесс тек XX ғасырдың басында, микроскопияның дамуымен хромосомаларды көру мүмкін болғанда ғана белгілі болды. Кейіннен биологияда сұрыпталу мен тұқым қуалау тетіктерін біріктірген эволюцияның заманауи синтетикалық теориясы қалыптасты. Біз, адамдар, жыныстық жолмен көбейетін диплоидты ағзаларға жатамыз. Бұл күрделі естілгенімен, шын мәнінде әр адамның әкесі мен анасы бар екенін және ол аутосомды гендердің жартысын әкесі мен анасынан тең алатынын білдіреді.

Ғылым көзімен қарап отырған соң, мұнда биология, физиологиясыз болмайтын сияқты. Осы саладағы зерттеулеріңізге тоқталсаңыз.

— Этнографиялық зерттеулер, соның ішінде менің жеке зерттеулерім, әртүрлі қоғамдардың баланың пайда болуын әртүрлі түсінетінін көрсетеді. Баланың анадан туылатыны бәріне айқын болса да, ұрықтану процесі жасырын қалады. Сондықтан мұнда сан алуан интерпретациялар туындайды. Кейбір қоғамдарда ана баланы тек құрсағында көтереді, бірақ оған ештеңе бермейді деп есептеледі. Ал баланың қалыптасуы бірнеше еркекпен байланыстырылады. Антропологияда бұл «бөлінген әкелік» (shared paternity) деп аталады.

 Әлеуметтік тиістілік тек аналық желі, яғни нағашы жұрт бойынша анықталатын қоғамдар да бар. Мұндай матрилинейлі жүйелерде топқа мүшелік әкесі арқылы емес, анасы арқылы беріледі және бұл әлеуметтік өмірді ұйымдастыруда маңызды рөл ойнайды. Антропология тарихында этнографтардың «бір ана, бір әке» деген универсалды модельді таңбақ болған, бірақ ол әрекет жергілікті тәжірибе мен түсініктерге қайшы келген мысалдары аз емес.

Эволюциялық антропология тұрғысынан мұндай сенімдердің шығу тегін қалай түсіндіресіз?

— Жалпы айтқанда, бұл түсініктерді ұғудың кілті – адамды оның ең жақын эволюциялық туыстарынан не ерекшелейтінінде жатыр. Заманауи генетика біздің адам тектес маймылдар тобына жататынымызды, ал ең жақын туыстарымыз — шимпанзе, бонобо, горилла және орангутандар екенін көрсетеді. Алайда, адамның пайда болуына алып келген эволюциялық жол олардың траекториясынан мүлдем басқа болды. Адам түрінің қалыптасуы Африкадағы климаттық өзгерістер кезінде, құрғақ саванналық ландшафттардың кеңеюімен тұспа-тұс келді. Мұндай жағдайда азық табу тек ересек, ірі және күштілер үшін тиімді болды, ал нәрестелер мен кішкентай балалар өздерін азықпен қамтамасыз етуге физикалық тұрғыдан қауқарсыз еді.

Басқа адам тектес маймылдардың балалары ана сүтін емсе де, ерте жастан қатты азықты өздері тауып жей бастайды. Адамдарда жағдай басқаша болды: негізгі ресурстар ересектерге қолжетімді, бірақ балаларға қолжетімсіз болды. Бұл ұрпақтың аман қалуы үшін ересектер тарапынан жүйелі қолдау қажет екенін білдірді. Бұл процесте аңшылық пен ер адамдардың үлесі шешуші рөл ойнады деген гипотеза бар. Бірақ қолда бар деректер бұл модельді толық растамайды. Этнографиялық деректер бойынша басқа приматтарда аталықтар тапқан азығын аналықтар мен балаларға бөліп бермей, негізінен өздері тұтынады.

Бұл үдерісте ер адамдардың емес, егде жастағы әйелдердің рөлі қандай болды?

— Меніңше, қолда бар мәліметтерге көбірек сәйкес келетін балама түсіндірме – егде жастағы әйелдердің рөліне байланысты. Саванна жағдайында дәл осы ересек және егде әйелдер жыл бойы қолжетімді ресурстарды тиімді жинай алды. Бұл ресурстар өз бетінше тамақ таба алмайтын балаларды асырауға мүмкіндік берді.

«Әжелер гипотезасына» (the grandmother hypothesis) сәйкес, дәл осы репродуктивті кезеңнен өткен әйелдердің қолдауы жас аналарға босану аралығын қысқартуға мүмкіндік берді. Келесі баланы туу мен алдыңғы балаға қамқорлық жасау арасындағы тепе-теңдік өзгерді, өйткені жүктеменің бір бөлігін өздері босанбайтын әжелер өз мойнына алды. Демографиялық деректер барлық адам популяцияларында өмір сүру ұзақтығы біздің ең жақын эволюциялық туыстарымыздан айтарлықтай жоғары екенін, ал постменопаузалық кезең адам түріне ғана тән универсалды сипат екенін көрсетеді. Бұл өмір сүру ұзақтығының артуы мен егде әйелдердің рөлі эволюциялық сұрыптаудың нысаны болғанын білдіреді.

Бұл факторлар жиынтығы: ұзақ өмір сүру, босану аралығының жақындығы және балалардың әлеуметтік қолдауға жоғары тәуелділігі адамға тән өмірлік сипаттарды қалыптастырды. Баланың өміріндегі аналық желі мен нағашы жұрттың орталық рөлі туралы тұрақты мәдени түсініктерді осы тұрғыда түсіну керек.

Ал ғылыми тұрғыдан алғанда, бала «ең жақсы қасиеттерін» анасы жағынан, яғни нағашы жұртынан алады деген мәдени сенімдердің тұрақтылығын қалай түсіндіресіз? Адам биологиясы, дамуы және антропология туралы білімімізге қарамастан, бұл түсініктер неге сақталып отыр?

— Жоғарыда айтқандарымды негізге алсақ, мұндағы басты мәселе — адамның өмірлік стратегиясының өзгеруі. Басқа гоминидтерде кішкентайларынан бөлек бәрі өз бетінше қоректенсе, адам баласы ұзақ уақыт бойы өзін азықпен қамтамасыз ете алмайды. Бұл олардың аман қалуы о бастан әлеуметтік байланыстарға тәуелді екенін білдіреді.

Адам нәрестелері, демек, аман қалып, бізге ата-баба болған жандар, әлеуметтік ортаға өте сезімтал болуға мәжбүр болды. Олар ересектердің назарына, қамқорлығына және реакциясына тәуелді болды. Егер қамқоршымен байланыс әлсіресе, өмір сүру қаупі күрт артты. Сондықтан адамда әлеуметтік қарым-қатынасқа бағытталу – аман қалудың негізгі шарты ретінде қалыптасты.

— Мұндай түсініктердің қалыптасуында әлеуметтік орта қандай рөл атқарды?

— Есейе келе бұл бағыт жоғалмайды. Біз үнемі өз мінез-құлқымызды айналадағылардың үмітімен салыстырамыз, «дұрыс істеп жатырмын ба», тобымызда қабылданған нормаларға сәйкес келемін бе деп түсінуге тырысамыз. Әлем туралы түсініктер біздің әлеуметтік бірегейлігіміздің және басқа адамдармен қарым-қатынасымыздың бөлігіне айналады.

Міне, сондықтан мұндай сенімдер тарихи және мәдени контекстке байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Олар тек биология туралы фактілер жиынтығы емес. Бұл адамдарға өз ортасында бағыт табуға, қай топқа жататынын және өзін қалай ұстау керектігін түсінуге көмектесетін әлеуметтік білім.

Осы тұрғыдан алғанда, мұндай идеялардың тұрақтылығы біздің әлемді ең алдымен басқа адамдармен өзара әрекеттесу арқылы тануды үйренетінімізбен түсіндіріледі. Мұнда тіл орталық рөл атқарады, бірақ ол қиындықтар да тудырады, өйткені бір сөз бен ұғым әртүрлі контекстте әртүрлі мағына беруі мүмкін.

Қорыта айтқанда, сіздің сұрағыңызға жауап адамның базалық өмірлік стратегиясымен байланысты. Біз эволюциялық тұрғыдан өз мінез-құлқымызды өзіміз тұрған контекстке үнемі бейімдеуге дағдыланғанбыз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Біз бұған дейін осы тақырыпты елімізге белгілі тектанушы Әлия Сағымбаева мен және швейцариялық генетик Изабель Мансуймен қозғаған болатынбыз.

Оқу үшін