NoFake

«Баланың жақсы болуы нағашыдан ба: швейцариялық генетикпен эксклюзив сұхбат

Генетик

Фото: Коллаж nofake.kz/

nofake.kz/ «Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген түсініктің қаншалықты ғылыми негізі бар екенін анықтау мақсатында әлемге және елге белгілі генетик, тектанушы, психолог мамандармен сұхбаттар сериасын жазып келеді.

Бүгін оқырман назарына швейцариялық нейроэпигенетик, Цюрих Университетінің профессоры, Еуропа ғылым академиясының мүшесі Изабель Мансуймен болған сұхбатты ұсынамыз.

— Изабель ханым, қазақ халқында баланың ең құнды қасиеттері – бойындағы дарыны, мінезқұлқы, когнитивті қабілеттері, тіпті сырт келбеті де негізінен нағашы жұртынан беріледі деген түсінік бар. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, мұндай пікірдің ғылыми негізі бар ма?

— Мен бұлай деп ойламаймын. Мен керісінше, мұндай түсініктің қайдан шыққанын түсінуге тырысып жүрмін. Бұл ананың бала күтіміндегі бастапқы шешуші рөліне байланысты болса керек. Дәстүрлі қоғамдарда нәрестені емізу ғана емес, оның өмірінің алғашқы жылдарындағы күтіміне де тек анасы жауап береді. Әдетте, баланы балабақша мен мектепке апаратын да, жасөспірім шағында оның ең жақын сенімді адамына айналатын да – ана. Мүмкін, сондықтан баланың дамуы, тұлға болып қалыптасуы мен жеке қасиеттері тек ананың ықпалымен қалыптасады деген ұғым туындаған шығар. Бұл сөздің жаны бар, бірақ баласы бар адамдар мұның шындық емес екенін жақсы біледі. Біздің кім екенімізді білдіретін нәрсе ол тұлғалық қасиетіміз. Ол генетикалық және эпигенетикалық факторлардың жиынтығынан құралады. Генетикалық факторлар – бұл ДНҚ тізбегінде кодталған ақпарат. Біз генетикалық материалдың жартысын анамыздан, жартысын әкемізден аламыз.

– Демек генетикалық тұрғыдан елу де, елу болып тұр ғой?

Иә, әкеден де, анадан да теңдей беріледі. Біздегі эпигенетикалық «жүк» – бұл ДНҚ-ның өзіндегі модификациялардың жиынтығы, яғни ДНҚ тізбегінің айналасындағы оның белсенділігін реттеп отыратын кішкентай «таңбалар» немесе «әшекейлер». Бұған қоршаған орта, өмірлік тәжірибеміз, естіген сөздеріміз, ішкен асымыз, физикалық белсенділігіміз, әлеуметтік қарым-қатынасымыз, ортадағы химиялық заттар мен эндокриндік жүйені бұзушылар әсер етеді. Өміріміздің кез келген қыры эпигеномға әсер ете алады. Егер осыны түсінсек, әрине, ана өзінің мінез-құлқы, айтқан сөзі арқылы әсер ете алады. Бірақ баланың айналасында басқа да көптеген факторлар бар. Әке де әсер ете алады. Тіпті әкесі анасына қарағанда аз уақыт бөлсе де, әкесі бар отбасыларда (немесе баланы күтуші кез келген ересек адам) бұл эпигеномға ықпал етуге жеткілікті. Сондықтан ғылыми тұрғыдан алғанда, барлық жауапкершілік тек ана жағында деген пікір дәлелсіз. Керісінше, бәрі әлдеқайда күрделі екенін көрсететін деректер бар. Адамға және балаға өте көп факторлар әсер етеді.

Митохондриялық ДНҚ тек анадан мұраға қалады және бұл тақырып көпшілік арасында жиі талқыланады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, митохондриялық ДНҚ физикалық немесе когнитивті сипаттамаларға айтарлықтай әсер ете ме, әлде оның биологиядан тыс рөлі тым асыра сілтеп айтыла ма. Қалай ойлайсыз?

— Иә, әрине, митохондриялық ДНҚ шынымен де балаға тек анасы арқылы беріледі. Дегенмен, митохондриялық ДНҚ-ның адамның қалыптасуына қосатын үлесі өте аз. Өйткені ондағы гендердің саны шектеулі. Бұл біздің геномымыздың негізгі, әрі шешуші бөлігі болып табылатын ядролық ДНҚ-мен салыстырғанда өте кішкентай ғана бөлік.

— Заманауи мінез-құлықтық генетика теориялары  баланың нағашы жағындағы туыстар мен тұқым қуалайтын қабілеттер арасындағы қандай да бір күшті байланысты қолдай ма? Осыған толығырақ тоқталсаңыз.

— Жоқ, тағы да айтамын, генетикалық немесе эпигенетикалық мағынада болсын,баланың нағашы жағының басым ықпалын растайтын ешқандай күшті және сенімді дәлелдер бар деп ойламаймын. Әрине, егер бала тек анасымен немесе тек әкесімен ғана қарым-қатынаста болса, ол тікелей күтім жасап отырған ересек адамның ықпалында болады. Бірақ бұл жерде сол адамның әйел немесе еркек болуы міндетті түрде шешуші рөл ойнамайды. Ең маңыздысы – күтімнің сипаты, қандай тәрбие беріліп жатқаны, қарым-қатынастың қалай құрылатыны, ондағы махаббат пен балаға көңіл бөлу. Мұның бәрі анадан да, әкеден де, әйелден де, еркектен де бірдей деңгейде шығуы мүмкін. Сондықтан баланы бағып отырған адамның жынысы генетикалық тұрғыдан қандай да бір рөл ойнайды деп есептемеймін.

Тышқандарға жасалған зерттеулер жайлы

Яғни, баланың қасиеттері нағашы жағындағы туыстарынан келеді деген идея биологиялық шындықтан гөрі, дәстүрлі әлеуметтік механизмді көбірек көрсетеді деуге бола ма?

— Мүмкін. Бұл түсінікті де. Адамдарды мұндай ойы үшін кінәлауға болмайды, өйткені балаларды негізінен әйелдер тәрбиелейтін қоғамда, адамдар кез келген қасиет ананың ықпалымен қалыптасады деп есептеуі заңдылық. Және белгілі бір деңгейде бұл шынымен де солай. Мәселе көбіне назардың тек жағымсыз қасиеттерге аударылатынында. Егер бала қорқақ, мазасыз немесе агрессивті болса, бұны жиі анасына жаба салады. Осы бағытта зерттеулер бар, соның ішінде тышқандарға жасаған біздің зерттеуіміз де бар. Тышқандар – сүтқоректілер, олар мінез-құлық пен генетика тұрғысынан адамға өте ұқсас. Біз өмірлік тәжірибе салдарының тек әкесі арқылы берілуі мүмкін екенін көрсеттік. Бұл мінез-құлық немесе әлеуметтік қатынас арқылы емес, өйткені тышқандарда еркек тышқан ұрпақ тәрбиесіне мүлдем қатыспайды. Ол жай ғана қасында болмайды.

Кеміргіштерде тек анасы ғана балалары өз бетінше күн кешкенше күтім жасайды. Сондықтан, жас кезінде қолайсыз жағдайларды немесе қатты стрессті бастан кешкен еркек тышқандар мұны сперма арқылы, яғни репродуктивті жасушалар арқылы келесі ұрпаққа бере алады. Олар бастан өткерген тәжірибе туралы сигнал тасымалдайтын белгілі бір эпигенетикалық факторларды береді, соның салдарынан ұрпағында (кейде бірнеше буын бойы) стресс әсерінің белгілері байқалады.

Әкесі мен атасының жарақаты жеке басында өтпесе де, гендік жад арқылы берілетін болып тұр ғой?

— Бұл ұрпақ ешқашан әкесі немесе атасы сияқты жарақаттық стресс көрмеген, бірақ соған қарамастан оларда тәуекелге патологиялық бейімділік немесе метаболизмнің (соның ішінде глюкоза алмасуының) бұзылуы сияқты белгілер байқалады. Біз мұның тек стресске ұшыраған әкеден ұрпаққа сперматозоидтардағы факторлардың берілуінен екенін дәлелдедік.Сондықтан, мен жануарларға жасалған зертханалық модельдерде бұл механизмнің өте сенімді дәлелдері бар деп айтар едім. Әзірге бұл адамдарда толық көрсетілген жоқ, өйткені мұндай зерттеу жүргізу өте қиын, тіпті мүмкін емес шығар. Дегенмен, әкеден берілетін және ұрпақтың мінез-құлқына, сондай-ақ психикалық және физикалық денсаулығына әсер ететін көптеген молекулалық факторлар бар деп айтуға толық негіз бар.

Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Оқу үшін