Интернетпен емделудің қаупі: Онколог фейктердің зардабын түсіндірді

Фото: Depositphotos
Онколог Роман Нәлібаев интернеттегі жалған емнің зардабы мен биологиялық белсенді қоспалараға (БАД)сенудің қаупі туралы nofake.kz/-ке айтып берді.
Ақпараттық тасқын заманында жалған мәліметтер жай ғана пікірталас емес, адам денсаулығы мен өміріне төнген шынайы қауіпке айналды. Фейк ақпараттар науқастарды өмірлік маңызды емнен бас тартуға мәжбүрлеп, «ғажайып дәрілерге» ақша шығындатып, ең бастысы – дертті жеңуге болатын алтын уақытты жоғалтуға итермелейді.
«Балама емнің» тұзағы
Роман Нәлібаевтың айтуынша, онкологтар «интернетпен емделудің» зардаптарымен жиі бетпе-бет келеді.
«Өкінішке қарай, онкологиялық практикада мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Пациенттердің бір бөлігі тексерілмеген дереккөздерге сеніп, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырады. Нәтижесінде, олар онкологиялық орталықтарға аурудың асқынған сатысында келеді. Бұл кезеңде түбегейлі емдеу мүмкіндіктері шектеулі болады», — дейді дәрігер.
ББҚ – бұл әдемі қаптамадағы «бос қиял»
Дәрігер ең қауіпті фейктердің бірі ретінде – биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) химиялық терапия мен отаның баламасы ретінде насихаттауды атады. Айтуынша, блогерлер көбіне «химия – бұл у» деп сендіріп, өздерінің ұнтақтарын «құтқарушы» ретінде ұсынады.
«Мынаны баса айту маңызды: биологиялық белсенді қоспалар клиникалық сынақтардан өтпейді. Олардың онкологиялық ауруларды емдеудегі тиімділігі туралы дәлелді базасы жоқ және олар клиникалық хаттамаларға кірмейді. Көп жағдайда бұл науқасқа емделіп жатқандай жалған сезім ұялатып, оны дер кезіндегі медициналық көмектен алыстататын жай ғана пайдасыз дүниелер», -деп атап өтті дәрігер.
Бұл несімен қауіпті
Клиникалық сынақтар жоқ: БАД-тар ісікке қарсы тиімділігі бойынша тексерілмейді.
Жалған сенім: Адам емделіп жатырмын деп ойлайды, ал шын мәнінде ісік өсе береді.
Хаттамада жоқ: Әлемдік клиникалық стандарттардың ешқайсысы БАД-ты негізгі ем ретінде қарастырмайды.
Неліктен біз дәрігерге емес, блогерге сенеміз
Қазіргі заманның парадоксы: дәрігердің дипломы блогердің оқырмандар санына жеңіліп жатады. Роман Нәлібаев мұны психологиялық манипуляциямен түсіндіреді.
«Бұл ақпараттың агрессивті берілуімен, науқастың қорқынышына әсер етумен және «тез» немесе «100 пайыздық» жазылу туралы уәделермен байланысты. Мұндай мәлімдемелер тартымды естілгенімен, ғылыми негізі жоқ. Дәрігер болса, клиникалық зерттеулерге сүйеніп, қауіптер мен емдеу кезеңдерін ашық айтады. Бұл науқасқа ауыр тиюі мүмкін, бірақ бұл – жалғыз кәсіби және жауапты тәсіл», — деді маман.
Зардабы: Емдеуден қолдауға дейін
Дәрігердің айтуынша ақпарат таңдаудағы қателіктің құны – орны толмас өкініш. Уақыт өткізіп алған жағдайда, аурудан айығу мүмкін болмайды. Ондай жағдайда дерт паллиативтік сатыға өтеді. Бұл кезде дәрігерлер адам өмірін құтқаруға емес, тек оның өмір сүру сапасын сақтауға ғана көмектесе алады.
«Менің негізгі кеңесім – өмір мен денсаулыққа қатысты шешімдерді интернеттегі ақпаратқа сүйеніп қабылдамаңыздар. Кез келген күмән туындаған жағдайда онколог-дәрігерге барып, бетпе-бет кеңес алу қажет. Керек болса, «екінші пікірді», яғни басқа маманның кеңесін тыңдап, шешімді тек дәлелді медицина принциптеріне сүйене отырып қабылдаған жөн», — деді дәрігер.
Елімізде жыл сайын 41 мыңнан астам жаңа қатерлі ісік жағдайлары анықталады. Оның ішінде 13 мыңнан астам науқас медициналық көмекке III–IV, яғни аурудың асқынған кезеңдерінде жүгінеді. Ол кезде емдеу мүмкіндіктері айтарлықтай шектеулі болады.


