«Баланың жақсысы – нағашыдан»: миф пен шындықты тектанушы түсіндірді

Фото: Anatili.kz
Қазақ халқында «Баланың жақсысы – нағашыдан» деген түсінік бар. Мұның астарында қандай ғылыми негіз жатыр? Адам бойына интеллект пен мінездің берілу құпиясын тектанушы Әлия Сағымбаева nofake.kz/-ке түсіндірді.
Генетика не дейді: 23+23 формуласы
Белгілі тектанушы, Азия елдері бойынша халықаралық тектанушылар лигасының вице-президенті Әлия Сағымбаеваның айтуынша, қазіргі таңда интернеттегі түрлі психологиялық бағыттар баланың қасиеттерін тек әкеге немесе тек анаға теліп, қателесіп жүр. Ғылымда биологиялық белгілердің берілуі қатаң тепе-теңдікке негізделген.
«Гендердің жартысы — 23 хромосома анадан, жартысы — 23 хромосома әкеден беріледі. Осы жерден шатаспаған дұрыс. Мінез, интеллект немесе дене бітімі сияқты қасиеттер бір ғана жақтан берілмейді. Бұл – бірнеше геннің күрделі комбинациясының нәтижесі», — дейді Әлия Сағымбаева.
Сарапшы «Мінез – анадан, ақыл – әкеден» деген секілді нақты бөліністердің ғылыми негізі жоқ екенін алға тартады. Бой, салмақ, темперамент және ауруларға бейімділік секілді қасиеттер полигендік болып табылады, яғни екі ата-анадан да күрделі түрде беріледі.
Эпигенетика және «геннің ашылуы»
Маманның түсіндіруінше, геннің бар болуы аздық етеді, оның жұмыс істеуі үшін тиісті орта керек. Мұны ғылымда эпигенетика деп атайды.
«Генетиктер мұны «гендік аппараттың ашылуы» (ашылуы) деп атайды. Демек, бала бойындағы жақсылықтың ашылуы тек геннен ғана емес, оны қолдайтын мәдени-отбасылық ортадан. Нағашы жұртта балаға деген марапат, еркелету және қолдау басым болады. Осындай позитивті ортада баланың жақсы қасиеттері тезірек оянады», — дейді тектанушы Әлия Сағымбаева.
Құрсақтағы байланыс: Психоэмоционалды симбиоз
Ғылыми тұрғыдан нағашы жұртқа жақындықтың тағы бір маңызды факторы – баланың құрсақта даму кезеңі. 9 ай бойы ананың биологиялық материалынан құралған бала мен ана арасында үзілмейтін «кіндіктік байланыс» орнайды.
«Бала ана құрсағында болғанда олардың арасында психоэмоционалды симбиоз қалыптасады. Осы кезеңнен бастап бала тек гендік емес, психологиялық және мәдени мұраны да анасынан және оның ортасынан көбірек сіңіруге бейім болады. Сондықтан ана жақтағы туыстармен табиғи үйлесім табуы – заңдылық», — дейді тектанушы.
Сонымен, «Баланың жақсысы – нағашыдан» деген сөз тек биологиялық қана емес, этнопсихологиялық тұжырым. Бұл – құрсақтағы байланыстың, тәрбиенің және нағашы жұрттың берген рухани қолдауының жиынтығы.
nofake.kz/ анықтағандай, баланың жақсы болып өсуіне екі жақтың да гені әсер етеді. Ал сол асыл қасиеттерді нәрлендіріп, «ашатын» – мейірімге толы орта мен дұрыс тәрбие. Бұл пікірге шетелдік тектанушылар не дейді? Оны да алдағы уақытта өздеіңізге ұсынатын боламыз.


